Орал қаласының әкімі Елбасы атынан 100 жастағы майдангерді құттықтады (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 27 желтоқсан күні Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов бес бірдей майдангерді Елбасы атынан құттықтап, жаңажылдық сыйлықтарды табыс етті.

Шаһар басшысы алдымен Орал педагогикалық институты, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде көп жыл ұстаздық еткен тарихшы-ғалым Қалам Сүйіншәлиевке сәлем берді. Қалам Жұмашұлы Елбасының құттықтауына ризашылығын білдіріп, Президентіміз айтқан Мәңгілік ел болу үшін ең әуелі қазақ халқы өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуі тиіс екендігін, бейбітшілік пен ырыс-ынтымақтан артық ештеңе жоқтығын атап өтті.

Биыл тоқсанға толған Хамза Сафин 1943 жылы Оңтүстік-Батыс, кейін ІІ Прибалтика, ІІІ Белорусь майдандарында ұрыстарға қатысып, бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін» және басқа медальдармен марапатталды. Кейін «Құрмет Белгісі, «Парасат» ордендерін иеленді. Ұзақ жыл құрылыс саласында қызмет еткен ардагер - Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, Орал қаласының құрметті азаматы. Хамза Абдрахманұлы да Президентке жаңажылдық құттықтауы үшін шынайы алғысын жеткізуді сұрады.

Қала әкімі Семен Данилинді биылғы қыркүйек айында 100 жасқа толған кезінде құттықтаған болатын. 1914 жылы 30 қыркүйекте Курск облысында дүниеге келген Семен Акимович Сталинградтан кейін Курск иіні арқылы Днепрден өтіп, Украина, Польша жерлерін азат етуге қатысып, бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін Қазақстанда ішкі әскер құрамында қызмет атқарған ол әлі де тың. Елбасының құттықтауына қуанған ол қала басшысының бұл жолғы келісінің жөні де бөлек, жолы да ерек екендігін атап өтті. Содан кейін қолына сенімді серігі аккордеонын алып, Алтай Сейдірұлымен бірге майдан әндерін шырқады.

Соғыс кезінде медбике қызметін атқарып, бейбіт кезеңде Батыс Қазақстан медицина училищесінде оқытушы болып еңбек еткен Алевтина Митрохина - Оралдағы «Фронтовичка» клубының жетекшісі. Әлі де қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып келе жатқан тоқсан жастағы майдангерге қала әкімі сол үшін алғысын білдірді.

Жасы 88-ге келген Меңжан Абдрахманов соғыстан кейін Жымпиты, Теректі, Приурал аудандарында ішкі істер органдарында, кейін бас зоотехник, ауылдық кеңес төрағасы қызметін де атқарған. Президент құттықтауымен мерейленген ол Жеңістің 70 жылдығына орай майдангерлерге қомақты қаржы да бөлініп отырғанын, бірақ мәселе ақщада емес, осындай ықылас-ниетте екендігін жеткізді.

Орала қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ерденбек Жылқайдарұлының айтуынша, облыс орталығында күні бүгін 185 майдангер, 5123 тыл еңбеккері, 39600 зейнеткер тұрады. Майдангерлердің бәрі де Елбасы құттықтауы мен сыйлықтарын алады.

Соңғы жаңалықтар