Орал қаласында үшем өмірге келді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәлім еткеніндей, үшем 3 қаңтар күні сағат 20.00-де араларына бір минут салып, өмір есігін ашты.

Үшеуі де - қыз. Салмағы - 2279, 2240 және 2700 грамм. Оралда тұратын отбасында бұдан бұрын үш бала болған. Енді оларға тағы үшеуі қосылды. Қыздарға Айназ, Айзада, Айдана деген ат қойылды.

Келіншектің толғағы мерзімінен бұрын, ерте басталғандықтан, білікті мамандардың қатысуымен оған жедел ота жасалған.


Салмақ қосқанша дәрігердердің бақылауында облыстық перинаталдық орталықта болған шақалақтар бүгін анасымен бірге ауруханадан шықты.

Үшемнің анасы, 39 жастағы Жадыра Іңкәрованың сөзіне қарағанда, Айдана мен Айзада бір-біріне қатты ұқсас. Ал Айназ аздап өзгешелеу.

Айта кетейік, өткен жылы аталмыш орталықта 6116 әйел босанған. Соның ішінде үшем - үшеу, 78-і - егіз. Дүние есігін ашқандар арасында қыз бала көбірек болған екен.

Еске салсақ, бұдан бұрын БҚО-да екінші үшем дүниеге келгенін жазған болатынбыз.

Суреттер - БҚО денсаулық сақтау басқармасы


Соңғы жаңалықтар