Орал қаласында азаматтарды тұрғын үй кезегінен шығару, пәтер бөлу төңірегінде шу шықты

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында азаматтарды тұрғын үй кезегінен шығару, пәтер бөлу төңірегінде шу шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінен мәлім еткеніндей, аталмыш мекеме жүргізген мониторинг нәтижесінде анықталғанындай, 189 адам тұрғын үй кезегінен негізсіз шығарылған.

Сонымен қатар 169 адамға кезектілік тәртібі сақталмай, үй берілген.

«Сондай-ақ жеке меншігінде тұрғын үйі бар және басқа да негіздер бойынша есепте негізсіз тұрудың 1460, тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұрмайтын адамдарға тұрғын үй берудің 247 дерегі анықталды. Жеке қордан тұрғын үй беруге арналған 131,765 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді төмендетілген құнмен жекешелендірудің 115 дерегі орын алып, соның салдарынан мемлекетке 16 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілді», деп хабарлады ведомстводан.

Осыған орай Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй мен Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің қатысуымен арнайы брифинг өткізілді.

Қала әкімдігінің өкілдері «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi №94 Заңын негізге ала отырып, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша тұрғын үй кезегінен 189 емес, 55 азаматтың шығарылғаны анықталғанын мәлімдеді.

Қ.Өмірәлиевтің түсіндіруінше, аталған Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайды.

Алайда осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-минстрі Қ.Өскенбаевтің 2020 жылғы хаты негізінде жетім балалар, толық емес отбасылары, көпбалалы отбасыларды есептен шығармау жөніндегі көрсетілген норма аталған санаттардағы балалар кәмелетке толған кезде қолданылады деп хабардар еткен еді. Бұл ретте, егер осы тармақтың 1-5 тармақшаларында көрсетілген факт атап айтқанда: меншігінде тұрғын үйдің болуы, тұрақты тіркеудің болмауы расталса, көрсетілген санаттардағы отбасылар есептен шығаруға жатады деп хабардар еткен болатын. Тұрғындар осындай себептермен есептен шығарылды.

«247 азаматқа заңсыз пәтер берілген дегенге байланысты айтарымыз, қызметтік тұрғын үйлер қызмет бабымен ауысып келген қызметкерлерге берілуде. Мысалға: денсаулық сақтау саласы бойынша 100 дәрігерге және құқық қорғау органдарында қызмет атқаратын 73 адамға қызметтік пәтерлер берілген. Осыған байланысты заң бұзушылық бұл арада орын алған жоқ», деді Қ.Өмірәлиев.

Оның сөзіне қарағанда, сол секілді 169 адамға тұрғын үй комиссияның шешімімен берілген. Себебі, тұрғын үй кезегімен пәтер берген кезде, кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың меншігінде тұрғынжайлары болғандықтан, комиссия шешімімен пәтер бөлуден бас тартылып, кезекте қалдыру жөнінде шешім шығарылған. Сосын кезек бойынша кейін тұрған отбасылардың құжаттары заңға сәйкес келгендіктен, пәтер берілген. Сондықтан бұл арада 169 азаматқа кезексіз пәтер берілді деген мәселе заңға қайшы келеді.

Мыңнан астам адамның тұрғын үй кезегінде заңсыз тұруы бойынша Қ.Өмірәлиев былай деді: 2018 жылы – 392, 2019 жылы – 601, 2020 жылы – 338, 2021 жылы 118 адам кезектен шығарылды.

«Бүгінгі таңда тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде 22 524 адам тұр. Тұрғын үй кезегіне қою қағидасына және ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы Заңына сәйкес жыл сайын түгендеу жұмысы жүргізілуі тиіс. 2020-2021 жыл аралығында барлық облыс бойынша (қала, аудан) отбасы құрамына қосу, өзгеріс енгізу бойынша бұйрықтар түгелдей орындалмауына байланысты, түгендеу жұмысы жүйеде қосылмағандықтан, орындалған жоқ. Кezekte.kz жаңа базасы енгізілуіне орай және осы базамен биылғы жылдың наурыз айынан бастап жұмыстануымызға байланысты, түгендеу ісі басталған жоқ. Күні бүгін базада түгендеу жұмысында өзгеріс енгізілген, енді түгендеу жұмысы барысында «Жеке мәліметтер» Заңына сәйкес, жұмыс барысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға СМС хабарламасы жіберіледі, ол хабарламаға ол рұқсатын берген уақытта ғана мәліметтер алынып, түгендеу жұмысы орындалады», деді әкімдік өкілі.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Facebook-тегі парақшасында БАҚ-та көрсетілген заңбұзушылық деректері орын алса, жауапты лауазымды тұлғалардың заң аясында жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.



Соңғы жаңалықтар