Орал қаласында автокөліктен 600-ден астам киік мүйізі табылды

Фото: ҰҚК мұрағатынан алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орал қаласында автокөліктен 642 дана киік мүйізі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан өңірлік филиалынан мәлім еткендей, оқиға Зачаган кентінің Бірлік көшесіндегі №17 үйдің алдында болған.

ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментінің қызметкерлері мен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар кезінде бір тұрғынның басқа адамдардың көмектесуімен киік мүйіздерін өткізбектігі екендігі жөнінде мәлімет алынды.

«Департамент қызметкерлері мен «Охотзоопром» инспекторлары аталған үйдің алдында Chevrolet Captiva автокөлігін тінтіп, тергеу амалдарын жүргізді. Тінту барысында автокөлік салонының артқы жағы мен жүк салғышынан 5 қапқа салынған 642 дана киік мүйізін тауып, тәркіледі. Сараптама тағайындалып, ҚР ҚК 339-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 100-ден астам киіктің судан шығарылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар