Орал қаласына қарасты Желаев кентінде жаңа мектеп ашылды

None
None
ОРАЛ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 1-інде Орал қаласына қарасты Желаев кентінде жаңа мектеп ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Су жаңа білім ордасының салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атап өткеніндей, өңірде осы салаға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, облыстың 2009 жылғы білім бюджеті 27 млрд. теңгеден асты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,2 миллиардқа артық.

Биыл республикалық бюджет қаражатына Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында 600 орындық жаңа мектеп іске қосылып, «100 мектеп» бағдарламасы толықтай орындалды.  Сонымен қатар облыстық бюджет қаржысына салынып жатқан Сырым ауданының Бұлан ауылында (132 орын), Бөрлінің Қызылталында (250 орын) мектептер жыл аяғында пайдалануға беріледі.

Бүгін Желаевта іске қосылып отырған 360 орындық №14 орта мектеп заман талабына толық сай келеді. Мұнда оқушылардың терең білім, өнегелі тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Бұрын ескі мектептің тарлығына байланысты 10-11 сынып оқушылары қалаға барып оқыса, енді бұл жаңа мектеп орта білім беретін болады.

Мектеп құрылысына барлығы 498,3 млн. теңге жұмсалды. «Болашақ» ЖШС құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқарып шықты.

Осы орайда тағы бір айта кететін  жайт - жаңа мектептің салынуына байланысты мектептің бұрынғы ғимаратында оқушылар үшін мектептен тыс орталық ашылатын болады. Сондай-ақ келесі жылы балабақша құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен бірге Орал қалалық мәслихатының депутаты Семен Кустановичтің ұсынысы бойынша алдағы уақытта осы Желаев кентінде мәдениет үйін салу да қарастырылуда. 

Соңғы жаңалықтар