Орал қаласына елді мекен тұрғындарының келуіне шектеу енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орал қаласына елді мекен тұрғындарының келуіне шектеу енгізілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы аптада облыста аурудың 1 067 жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Өткен аптамен салыстырғанда ауру көрсеткішінің 20 пайызға төмендегендігі байқалады. Ауруға шалдыққандарды анықтау мақсатында облыстағы 13 зертханада тәулігіне 2 мыңнан астам ПТР тестілеу жасалады. Облыс «қызыл» аймақта 1 айдан астам уақыт болғанын ескере отырып, карантиндік шектеу іс-шаралары күшейтілді. Мейрам күндері елді мекендердегі тұрғындардың облыс орталығына келуін азайту мақсатында Орал қаласында және «қызыл» аймақтағы 6 ауданда 1 мамырдан бастап 21 блокбекет орнатылды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұл шектеу түрі бизнес субъектілерінің жұмысына кедергі келтірмейді. Аталған блокбекеттердің жұмысы stopcovid.kz сайты және «109» қызметі арқылы толықтай автоматтандырылған.

«Бұл іс-шаралар облыс орталығына қатынайтын тұрғындар санын 35 пайызға дейін азайтып, адам көп жиналатын іс-шараларды қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Мониторинг топтар күнделікті рейдтерін жалғастыруда. 1 сәуірден бері мониторинг топ мүшелері 665 рет рейдке шығып, 3,5 мыңнан астам нысанды тексерді. 12 мейрамхананың жұмысы 3 айға тоқтатылды. Соңғы аптада 1,9 млн теңгеге 34 хаттама толтырылды», - деді Ғали Есқалиев.

Сонымен қатар ол өңірде вакцинациялау жұмысы қарқыды жүргізіліп жатқанын, облысқа вакцинаның 84 мың дозасы жеткізіліп, 1 компонентімен 45 205, екінші компонентпен 14 593 адам екпе алғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар