Орал қаласы жолдарын жөндеуге 3,5 млрд. теңге жұмсалмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл Орал қаласы көшелерінің жалпы ұзындығы 36 шақырым жолын жөндеуге 3,5 млрд. теңге бөлініп отыр.

Қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиевтің мәлім еткеніндей, шаһардың бас көшесі Достық даңғылының Е.Пугачевтен М.Мәметова көшесіне дейінгі аралығы (3494 метр) күрделі жөндеуден өткізілмек. Бұған 625 млн. теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, М.Ықсанов көшесі бойымен Шаған жағалауынан Рубежинге дейінгі аралығындағы жол (2669 метр) тротуар, арықтарымен қоса жаңғыртылмақ. Бұл мақсатқа 511 млн. астам теңге қарастырылған. Қаланың 7 және 9-шағынаудандарындағы Желаев трассасы мен Мәскеу көшесін жалғастыратын жалпы ұзындығы 1432 метр жаңа жолды салуға 449 млн. теңге кетпек. Соған қоса, өткен жылы басталған Алматы, В.Шубин, В.Чкалов, А.Байтұрсынов, Қазталов, Н.Некрасов, М.Лермонтов, С.Есқалиев көшелерін жөндеу жұмыстары биыл аяқталмақ. Деркөл кенті ауданындағы Шаған өзенінен өтетін көпір қайта жөндеуден өтеді. Жайық өзеніндегі ескі көпірден әуежай бағытындағы «Ақжол» кафесіне дейінгі жол да жөнделеді. Өткен жылы Орал қаласы жолдарын жөндеуге 4,9 млрд. теңге жұмсалған болатын. БҚО жолаушылар көлігі жән автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншәлиевтің сөзіне қарағанда, 2015 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 5618,3 млн. теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге, облыстық қазынадан 2618,3 млн. теңге бөлінді. Барлығы 90 шақырымнан астам жол жөнделмек. Өткен жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 4275,15 млн. теңге, ел қазынасынан 2931,5 млн. теңге жұмсалып, жалпы ұзындығы 82,8 шақырым жол ретке келтірілді. Айта кетейік, облыс жолының жалпы ұзындығы 6530,55 шақырымға жетсе, соның 1287 шақырымы - республикалық, 5243,55 шақырымы - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

Соңғы жаңалықтар