Орал қалалық соты «Жайықжылуқуат» АҚ бұрынғы бас директорына қатысты үкімді жария етті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының 20 наурыздағы үкімімен «Жайықжылуқуат» АҚ бұрынғы бас директоры Ринат Нұрышев ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімі «г» тармағымен айыпты деп танылып, ҚР ҚК 58-бабы 6-бөлімі қолданылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сонымен бірге ол мемлекеттік органдарда 5 жылға дейін қызмет атқару құқығынан айырылды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл іс процессуалдық келісім жасала отырып, қаралды. «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры болған Р.Нұрышев қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік қызметті атқаруға өкілетті тұлғаға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған. Атап айтқанда, ол ұйымның акционері болып табылмайтын тұлғаның ұялы телефонына ақша аударуға заңсыз бұйрық беріп, соның салдарынан «Жайықжылуқуат» АҚ-ға 299 795 теңге шығын келтірілген.

Сот өндірісі барысында Р.Нұрышев кінәсін мойындағаны жөнінде келісім жасады.

Айта кетейік, Р.Нұрышев өткен жылы «Жайықжылуқуат» АҚ-ға тиесілі қаражатты ұрлады деп айыпталған болатын. Оның қылмыстық іс-әрекетінің салдарынан мемлекетке 140 млн. астам теңге залал келтірілген. БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен өткен жылдың мамыр айында Р.Нұрышев 10 жылға сотталды. Кейін БҚО соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы жазаны алты жылға дейін төмендеткен еді.

Соңғы жаңалықтар