Орал арқылы өтетін үш автожол ақылы болады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал-Ақтөбе жолында және Орал-Самара, Орал-Саратов жолдарының қазақстандық учаскелерінде пилоттық режимде 3 бақылау аркасы және клиенттермен жұмыс істейтін орталық орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен Теректі ауданында ақылы автожол желісін кеңейту мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Ақылы автожолдардың тақырыбы БҚО үшін өзекті. Ресейдің Самара және Саратов бағытындағы халықаралық маңызы бар екі тас жол, сондай-ақ Орал мен Ақтөбені байланыстыратын жолдан ақы алынатын болады. Айта кету керек, жол жүру ақысы тек коммерциялық жүк көліктерінен алынады, жеңіл көліктерге тегін.

Үш автотрассада жол қозғалысы қауіпсіздігінің жоғары деңгейін және жолға, оның жабынына, инфрақұрылымға тұрақты қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен тестілік режимде іске қосылады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Орал қаласы мен Теректі ауданында өткен қоғамдық тыңдауларда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа жүйесінің барлық жаңалықтары мен жұмыс қағидаттары туралы түсіндіріп берді.


Мамандар ақылы жол учаскелері қауіпсіз, үнемі жөнделетінін және жол төсемі мен жол бойындағы сервистік қызметі өзге жолдарға қарағанда сапалы екенін атап өтті.

Аталмыш жолдардағы аркаларда жоғары жылдамдықты камера арқылы автомобильдердің жылдамдығы мен саны, жолдағы жағдай және т. б. тіркеледі.

Жолда тұрақты төлем бекеті болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Кедергі қойылмағандықтан, жол бойында кептелістер болмайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және сапар уақытын қысқартады.

Жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз тәсілмен және алдын ала төлем бойынша жүргізіледі.

Батыс Қазақстан өңіріндегі 3 күре жолда жүру ақысы тек коммерциялық жүк көліктерінен алынатын болады. Жиналған қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруын ғана емес, сонымен қатар жолдағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұстап тұратын өзінің сервис көрсету қызметін де қамтамасыз етеді.


Айта кетсек, ақылы жолдар аймақтың көптеген тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Себебі қауіпсіздік пен бейнетіркеу жүйелерін орнату және қызмет көрсету, сондай-ақ патрульдеу, жол жабыны мен жол бойындағы инфрақұрылымды тазалау және күтуге қызметкерлер ақылы жол ашылған қала, аудан аумағынан ғана алынады.


Соңғы жаңалықтар