Орал әкімдігінде үш бірдей бөлімнің басшылары жұмыстан кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласы әкімдігінде үш бірдей бөлімнің басшылары жұмыстан кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиев қызметінен өзі берген арызы бойынша босатылды.

Сонымен қатар қалалық автомобиль жолдары және білім беру бөлімдерінің басшылары Айдар Меңеев пен Асан Нарымбаев та өз еріктерімен жұмыстарынан кетті.

Еске сала кетейік, Оралда адам өліміне әкеп соқтырған жол апаттары санының көбеюіне, сондай-ақ соңғы болған оқиға - көлік жүргізушісі 10 жасар қызды мерт қылғаннан кейін шаһар әкіміне сөгіс жарияланған болатын.

Қыз балаға қатысты қайғылы оқиға көшенің жарықтандырылмаған тұсында орын алған еді. Осыған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев көшелерді жарықтандыруға жауап беретін қызметкерлерге қатысты шара қолдануды, автожолдарды жөндеуге, жарық беретін шамдарды орнатуға, әсіресе, мектептер орналасқан тұстарды ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

Оқушыны қағып, қашып кеткен жүргізуші екі айға қамауға алынды.

Соңғы жаңалықтар