ӨР Олий Мәжілісінің делегациясы Астанадағы өзбек этномәдени орталығымен танысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі заң шығару палатасының делегациясы бүгін Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығының қызметімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласындағы Достық үйіндегі кездесуге ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Өзбекстан Республикасының Олий Мәжіліс спикері Нурдинжон Исмоилов қатысты. Кездесудің мақсаты - Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі заң шығару палатасының делегациясын ҚХА, елордадағы Достық үйі мен Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығының қызметімен таныстыру болды.

«Құрметті әріптестер! Бүгін бізде қонақта бауырлас еліміздің, біздіңше айтқанда Мәжілісі - Өзбекстан Республикасының Олий Мәжіліс спикері Нурдинжон Исмоилов мырза біршама қонақтармен келіп отыр. Жаңа ғана Астана қаласының әкімдігінде қала әкімі Бақыт Тұрлыханұлымен үлкен кездесу болды. Ол жерде өзара ынтымақтастық бойынша өте маңызды мәселелер талқыланды.

Нурдинжон мырза, Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығымен танысып отырсыз. Бұл орталық алғашқылардың бірі болып ашылған. Орталық 2007 жылдың сәуір айында ашылған еді. Өзбек этномәдени бірлестігі ең белсенді орталықтардың бірі десем артық айтқандығым емес. Биыл Астана қаласының 20 жылдығын мерекелесек, өткен жылы шаһарымызда ЭКСПО көрмесі өткен еді. Осынау айтулы шаралардың бәрінде өзбек этномәдени бірлестігі белсенді атсалысып келеді», - деді кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Олий Мәжіліс спикері Нурдинжон Исмоилов Астанадағы өзбек этномәдени орталығына үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.

«Менің білуімше, елордадағы өзбек этномәдени орталығына қаржылық та, ұйымдастырушылық та үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Осы үшін сіздерге рахмет айтқымыз келеді», - деді Нурдинжон Исмоилов.

Кездесу кезінде бауырлас елден келген меймандарға арналып концерт қойылды.

Соңғы жаңалықтар