Опера отаны Италияда алған білімімді пайдаға асырсам деймін - опера әншісі С. Мұратбекова

None
None
Л. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Опера отаны Италияда алған білімімді пайдаға асырсам деймін. Италияда Марио Дель Монако және Рената Тебальди атындағы халықаралық әншілер академиясын бітіріп, Ақ Жайыққа оралған опера әншісі Салтанат Мұратбекова осылай дейді.

Салтанат бұдан екі жыл бұрын Алматыдағы «Дегдар» қорының президенті Лаура Ахметова мен белгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тимур Орманшиевтің іріктеуінен өтіп, тағы бір батысқазақстандық талантты әнші Жұлдызбек Өтешқалиевпен бірге Пезаро қаласына аттанған болатын.

Пезаро - итальяндық ұлы композитор Джоаккино Россинидің кіндік қаны тамған жер. Сондай-ақ атақты тенор Марио Дель Монако осында білім алса, тағы бір әлемге әйгілі әнші, сопрано Рената Тебальдидің де отаны осы. Сондықтан дәстүрі бай, кіл мықтылардың ізі қалған жерде білім алу оңай емес. Оның үстіне Салтанат Мұратбекованың ұстазы маэстро Марио Мелани еді. Дарынды жастар іздеп, Қазақстанға да бірнеше рет аяқ басқан профессордың шәкірттері бүгінде әлемнің Ла Скала, Гранд Опера сынды жетекші театрларында ән салып жүр.

Салтанаттың айтуынша, жасы 94-ке келсе де, Марио Мелани әлі тың. Автокөлікті өзі жүргізеді. Академия орналасқан үшінші қабатқа күніне еш қиналмастан үш-төрт рет көтеріліп, түседі. Ол кісі тыныс-дем жаттығуынан көп нәрсе үйретті. Бір қызығы, қарияның жасаған дем жаттығуын толықша келген қыздар қайталай алмай, қиналып жатады. Сол секілді Джан Кола сахна шеберлігінен дәріс берсе, Донгил Джанг, Сойен Жун, Алла Симони, Мария Парацини сынды ұстаздардың үйреткені де аз болған жоқ.

 

-Салтанат, сіз Пезарода білім алып қана қоймай, Джоаккино Россини атындағы дүниежүзілік опера фестиваліне қатысып, жеңімпаз атанған екенсіз. Осы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

-Иә, алты айдан кейін осындай додаға қосылудың сәті түсті. Шыны керек, Италияға дейін мен опера өнерін оқыған емеспін. Рас, эстрада-цирк колледжін бітіргеннен кейін, Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында хор құрамында еңбек еттім. Содан кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып, драма әртісі болып шықтым. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртісі әрі Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі ретінде біраз биікке жеткеніммен, опера мүлдем басқа, онда ойнау әлдеқайда қиын екен. Яғни бір музыкалық өлшемнен мүлт кетсең болды, бүкіл еңбегің зая кетеді.

Аталмыш фестивальге қатысушылар өте көп болды. Соның ішінен Еуропадан он екі адам іріктеліп алынды. ТМД елдері өкілдері қатысқан Мәскеу қаласындағы додадан - бес, Нью-Йорктегі іріктеуден екі, барлығы жиырма адам соңғы айналымға өтті. Міне, осылардың ішінен Россинидің «Реймске саяхат» операсына ойнаушы үміткерлерді таңдады. Маған ең басты роль - Маркиза Мелибея бейнесі бұйырды. Оны ойнап шығу үшін екі-үш ай ғана әзірлендім. Бұл опера үшін өте аз уақыт. Мәселен, Абай атындағы опера және балет театры жылына екі туынды дайындайды. Әйтеуір бұл сыннан да сәтті өттім.

Екі жыл ішінде атақты шетел композиторларының көптеген шығармаларын үйреніп, соның нәтижесінде Пезаро қаласында жеке концертімді бердім. Сосын Гендельдің «Оресте» операсында тағы бір басты рөл Орестені сомдап шықтым. Мұның жөні тіпті бөлек. Оресте - негізі ер адам. Гендельдің заманында ер әншілерді әтек қылып жібереді де, олардың дауыстары жіңішкеріп, әйелдікі сияқтанып кетеді екен. Жалпы, Гендельдің туындысын ойнау өте қиын, колоратурасы күрделі, кіл жоғары нотамен жазылғандықтан, дем, тыныс мықты болуы керек. Менің дауысым - меццо-сопрано. Марио Меланидің айқындауынша, дауыс бояуым контро-альтоға жақын, өте сирек кездеседі екен.

  

 -Италия елінде өзіңізбен бірге тағы кімдер білім алды, олардың мүмкіндігін қалай бағалар едіңіз?

-Алдымен Абай атындағы опера және балет театрының бас солисі Андрей Тригубенко мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның 4-курс студенті Медет Шотабаевты айтар едім. Оралдан бірге барған Жұлдызбек Өтешқалиев те шеберлігін біраз шыңдады. Ол енді оқуын сондағы консерваторияда жалғастырмақшы. Мен екі бірдей балам болғаннан кейін соларға, ата-анама жеткенше асықтым.

Жалпы, үйренемін, білім аламын деген адамға Италияда мүмкіндік мол. Кітапханадағы сонотекада барлығы бар, не іздесең, бәрін тауып аласың. Қазақстан жастарының осындай жерден өнер үйренуі, әрине, үлкен бақыт.

Бір байқағаным, итальяндықтар аз жұмыс жасап, көбірек демалады. Мәселен, таңертең сағат оннан он екіге дейін еңбек етеді де, түс қайта төрттен алтыға дейін болады. Сондықтан шығар, ашулы ешкімді көрмейсің. Адамдары мейірбан, бір нәрсені сұрасаң, көмектеседі, тіпті баратын жеріңе дейін апарып тастайды. Айналасы теңіз болғаннан кейін ауасы да керемет. Қаланы таңертең шаңсорғышпен тазалап шығады. Дегенмен, туған жердің жөні басқа, жолдама беріп, оқытқан соң, пайдамды елге тигізсем бе деймін.

  

-Ендеше, нендей ой-жоспарларыңыз бар?

-Қазір қазақ театры мен филармониядағы жұмысыма кірісіп кеттім. Ең алдымен, Ақ Жайықта жеке концертімді берсем деймін. Мұны облыстың мәдениет саласын басқаратын азаматтар қолдап отыр. Алматы мен Астанада да осындай өнерімді көрсетсем деп армандаймын. Өзімнің түпкі ойымды да айта кетейін, бұрынғыдай емес, опера әншісі болғаннан кейін орталыққа жақындағым келеді. Әрине, Алматыдағы опера және балет театрының жөні бөлек. Бірақ менің көңілім күн сайын дамып, өсіп бара жатқан Астананы қалап тұр. Онда да Күләш Байсейітова атындағы театр бар. Жер-жерден әншілер көп келеді, өсуге мүмкіндік мол. Қалай болғанда да, өнерім дайым халық көңілінен шығып жатса, мен үшін одан артық бақыт жоқ.

Соңғы жаңалықтар