ОПЕК+ министрлері телеконференция өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ОПЕК+ елдерінің бірқатар министрі телеконференция өткізіп, мұнай нарығындағы ахуалды талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Телеконференцияға ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев қатысты.

«Ықпалдастық туралы Декларацияға қол қойған ОПЕК және ОПЕК-ке енбейтін елдердің бірқатар министрі мұнай нарығында қалыптасқан ағымдағы жағдайды талқылау үшін ресми емес телеконференция өткізді...

Министрлер 12 сәуір күні министрлер деңгейінде өткен ОПЕК-тің 10-конференциясында (кезектен тыс) қабылданған шешімді жоғары бағалады. Олар мұнай өндірісінің көлеміне түзету енгізу туралы аталмыш видеоконференцияда қол жеткізілген келісімге бейілділігін қуаттады», - делінген ОПЕК+ ұйымының Facebook-тегі парақшасында.

ВВС-дің жазуынша , сейсенбі күні кешке Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррелі үшін 18 доллардан төтендеді. Бұл, 2002 жылдан бері алғаш болып отыр. Лондонның ICE Futures сауда-саттық нарығында Brent мұнайының маусым айындағы фьючерстері Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 22 сәуір, түнгі сағат 00:00-дегі жағдай бойынша, бір барреліне 17,78 долларды құрады. Оның алдыңғы сессиямен салыстырғанда баға 7,79 долларға немесе 30,47% арзандады. Бұған АҚШ-тың мамыр айында жеткізілетін WTI мұнайына келісімшарт бағаларының құлдырауы себеп болды. Оның бағасы дүйсенбі күні кешке баррель үшін минус 40 долларға дейін түсті. Келісімшартты жасасқандар оларды сатып алуға ниет білдіргендерге үстінен ақша қосып беруге дайын болды. Қазір маусым айында жеткізілетін WTI мұнайының фьючерсі бір барреліне 7 доллардан да төмен.


Соңғы жаңалықтар