ОПЕК келісімінен шығу Қазақстанға тиімді ме - сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаржы саласының сарапшысы Расул Рысмамбетов ҚазАқпарат тілшісінің ОПЕК-тен шығу Қазақстанға қаншалықты тиімді деген сауалына жауап берді.

«Қазақстанның ОПЕК мұндай өндірісін шектеу туралы  келісімінен шығуы мұнайдың әлемдік бағасына әсер етпейді. Ықпалы болса да аз болады. Себебі Қазақстанның теңізге шығатын жолдары жоқ. Сондықтан ол мұнайдың спот саудасында өте белсенді емес. Қазақстан мұнай өндірісін шектемейтін болса бюджетке түсетін түсім көбейеді», - деді ол.

Сарапшының айтуынша, мұнай өндірісінің шектелуі Қазақстан үшін үлкен техникалық қиындықтар туғызып отыр. «Біздің кейбір кен орындарында мұнай өндірісі тоқтаса, қара алтын тереңге кетіп қалады. Ал өндірісті қайта қосу бірнеше есе қымбатқа соғады»,-  деді Расул Рысмамбетов.

Айта кету керек, бүгін ресейлік ТАСС агенттігі Қазақстанның ОПЕК келісімінен бірте-бірте шығуды қолдайтынын жариялаған болатын. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев агенттік тілшісіне 1-2 айдың ішінде мұнай өндірісі қарқынын біршама көтеру туралы ой барын айтқан болатын. Толық шешім қараша айында қабылданады.

Айта кетейік, өткен жылдың 9 желтоқсанында ОПЕК пен оған мүше емес 11 ел арасында 1 қаңтардан бастап тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 1,8 млн баррельге дейін қысқарту туралы келісім жасалды. Ең үлкен көлемді Ресей қысқартады. Венада өткен кездесуде келісімді 2018 жылдың сәуіріне дейін созу туралы шешім шықты.

Соңғы жаңалықтар