ОПЕК+ келісімі: Қазақстан биыл қанша мұнай өндіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың бірінші тоқсанында мұнай және конденсат өндіру 23,6 млн тоннаны құрап, мұнай экспорты 18,9 млн тоннаға жетті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша мұнай және конденсат өндіру 23,6 млн тоннаны құрап, мұнай экспорты 18,9 млн тонна болды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,6-2,7 пайыз өсім бар. ОПЕК+ шешіміне сәйкес, 2020 жылы мұнай өндіру көлемі 84,5 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Елімізде жүзеге асып жатқан ірі жобаларда мұнай өндірудің оң динамикасы қалыптасты. Атап айтқанда, Теңіз жобасында 2,6, Солтүстік Каспий жобасында 22, Қарашығанақ жобасында 6,6 пайыз өсім байқалады», - деді ол.

Министрдің дерегінше, мұнай өңдеу 4 млн 30 мың тоннаны құрады және бірінші тоқсанда автомобильге арналған бензин өндіру 27, дизель отыны 2,8 пайызға артты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс жұмыстарына 390 мың тонна дизель отынын арзандатылған бағамен, яғни литрін 165 теңгеден беру ұйымдастырылды. Әуе керосинін өндіру 18,8 пайызға төмендеді. Себебі экономикалық белсенділіктің төмендеуі және сұраныс азайды», - деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқартуға келісті. Қазақстан өз кезегінде консенсусқа қолдау көрсетіп, мұнай өндірісін тәулігіне 390 мың баррельге азайтатын болды.



Соңғы жаңалықтар