Оңтүстіктің бас мешітінде Наурыз мейрамы тойланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстіктің бас мешітінде Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Мерекенің негізгі айшықтары ретінде мешіт ауласына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, жамағат дайындалған дастарханнан дәм татты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.



Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ОҚО бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен өткен шарада облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек сөз сөйлеп, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Наурыз мерекесімен құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, аталмыш мерекенің жыл сайын мәні мен мазмұнының артып келе жатқанына ерекше тоқталды.



Жалпы, мерекеге қатысқан 450-ге тарта жамағат ұлттық тағамдардан дәм татып, бір-біріне ақ тілектерін айтып жатты. Сондай-ақ дін өкілдері ұлттық ойын түрлерін дәріптеу мақсатында бірқатар сайыстар ұйымдастырды. Жігіттер жағы арқан тарту, қол күрес, кір көтеру сияқты спорт түрлерінен күш сынасып, мықтылықтарын танытты. Барлық қатысушыларға арнайы сый-сыяпат берілді. Осылайша, өңірде Наурыз мерекесі бар сән-салтанатымен тойланды.

 

Соңғы жаңалықтар