Оңтүстіктен солтүстікке көшкен тұрғындарға шаруашылық жер беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің оңтүстігінен солтүстік өңірлерге қоныс аударған тұрғындарға шаруашылық жер бөлу мәселесін реттеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көші-қон процестері де біздің еңбек нарығымызға үлкен әсер етіп отыр. Қазақстан – еңбек мигранттарын қабылдау саны бойынша ТМД-дағы екінші ел. Бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешу қажет. Үкімет көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуі тиіс. Онда, сондай-ақ шетелде жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарын қорғау тетіктерін де көрсету керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Мемлекет басшысы ішкі миграцияны ынталандыруды шараларын әртараптандыруды да тапсырды.

«Үкімет елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударған азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тетігін қайта форматтауы қажет. Атап айтқанда, жәрдемақыны тек әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден өз бетінше жұмыс істейтін жұмыс берушілердің шығындарын өтеу арқылы да беруге болады», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев осы жоба аясында кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды екенін атады.

«Жеке бизнеспен айналысқысы келетін қоныс аударушыларға белсенді түрде көмектесу керек. Сондай-ақ, оларға үй салу үшін ғана емес, ауыл шаруашылығы қызметі үшін де жер учаскелерін беру мүмкіндігін қарастыру, мемлекеттік бақылау шараларына неғұрлым кең қол жетімділікті қамтамасыз ету қажет», - деді Президент.
Соңғы жаңалықтар