Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар үшін 6587 квота бөлінді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шекара маңындағы өңірлерді дамыту жөніндегі дербес бағдарламаны әзірлеудің қажеттілігі жоқ. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына берілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасы әзірленді», - деп атап өтеді жауабында Үкімет басшысының орынбасары.

Оның дерегінше, тұжырымдамада көші-қон процестерін реттеуге бағытталған келесі нақты іс-шаралар қарастырылған:

− оңтүстік өңірлерден солтүстікке жұмыс күшін тартқан кәсіпорындардың шығыстарын өтеу;

− облысішілік және өңіраралық қоныс аударуды ынталандыру;

− түрлі себептермен өмір сүруге қолайсыз елді мекендердің тұрғындарына көшуге жәрдемдесу;

− қоныс аударушыларға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер учаскелерін беру;

− солтүстік өңірлерге қоныс аударған қандастарға азаматтық алғаннан кейін тұрғын үйге кезегін сақтау.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру арқылы 2026 жылға дейін солтүстікке қоныс аударған азаматтардың жұмыспен қамту деңгейін 87 пайызға дейін жеткізу көзделген. Инфрақұрылымдық жобаларды еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін оңтүстік аймақтардан 35 мың адамды тарту жоспарланған. Еңбек күші тапшы өңірлерді қолдау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың квотасын бекітеді. Биылғы жылы квота 6 587 адамды құрады», - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен бірге вице-премьер Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының бастамасымен мынадай іс-шаралар пысықталып жатқанын алға тарталы:

− қоныс аударушыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін (ауданы кемінде 0,1 га) беруді жеңілдету;

− қажетті мамандықтар бойынша жұмысқа орналасатын қоныс аударушылар, сондай-ақ олардың жұмыс берушілері тұрғын үй салу кезінде өз қаражаты есебінен жұмсаған шығындарын өтеу (кемінде 50 %);

− субсидияларға қол жеткізу үшін қоныс аударушылардың кредит берешегіне каникулдар белгілеу (мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін).

«Баяндалғанның негізінде шекара маңындағы өңірлерді дамыту жөніндегі дербес бағдарламаны әзірлеудің қажеттілігі жоқ деп санаймыз», - делінген Премьер-Министрдің орынбасарының жауабында.


Соңғы жаңалықтар