Оңтүстіктегі электр қуаты тапшылығы келесі жылдан бастап шешіле бастайды

None
None
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздің оңтүстігіндегі электр қуаты тапшылығы келесі жылдан бастап шешіле бастайды.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.

Үшжылдық бюджетті талқылау барысында сенатор Ахан Бижанов Алматы қаласы мен оңтүстік өңірдегі энергетика тапшылығы мәселесін көтерген болатын. «Мәселенің шешімін табу үшін Балқаш ЖЭС-ін салу көзделіп отыр. Алайда бюджеттен бөлінетін қаражат мардымсыз», - деді сенатор.

Осыған орай Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осы аптада Алматы облысында болып қайтқанын айтып, өңірдегі бірнеше нысандарды аралғанын да жеткізді. «Менің ойымша, Алматы қаласы мен оңтүстікте электр қуаты тапшылығын келесі жылдан бастап шеше бастаймыз», - деді Үкімет басшысы.

«Балқаш ЖЭС-і энергетиканы дамытудағы басты әрі ірі жобалардың бірі. Келесі жылдан бастап бұл жобаны жүзеге асыру нақты қолға алынатын болады. Биыл барлық мәселе шешімін тапты, стратегиялық әріптестер де анықталды. Қазіргі күні стансаны салудағы нақты келіссөздер жүріп жатыр. Жобаны жүзеге асыру үшін қажеттіліктерді қамтитын құжат Парламентте қаралып жатыр. Жыл соңына дейін қабылданып қалар деген үміттеміз», - деді бұған қосымша Вице-премьер-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев.

Соңғы жаңалықтар