Оңтүстікте ТЖД мамандары таудағы қауіпсіздікті сақтауды шақырды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері құтқару жасағының қызметкерлері таулы аудандарға 3 рет іздестіру-құтқару шараларына шығып, 5 адамға көмек көрсетті. Өткен жылдың осы мезгілінде құтқарушылар 7 шақырылымға барып, 12 адам құтқарылған болатын. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағы мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Талғат Байсариев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талғат Байсариевтің сөзінше, таудағы қайғылы жағдайлар негізінен қауіпсіздік шараларын сақтамаудан болады.

«Таудағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін таңдалған бағыт қатысушылардың дайындық деңгейіне және мүмкіндіктеріне сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ, қозғалыс бағдарын мұқият зерделеу қажет. Ондағы жер бедерінің сипатымен, қауіпті жерлері мен су көздерінен хабардар болып, тауға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып алу керек», - деді Талғат Есалыұлы.

Мамандардың пікірінше, таулы өңірде қайғылы жағдайды болдырмау үшін адамдар топтасып жүргендері абзал. Тау көлдерінде шомылмаған ләзім, өйткені, суық тиіп қалу қаупі бар. Күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде таудың етегіне түсуге әрекет ету керек. Сондай-ақ, темірі бар заттарды адамдардан қашық ұстап, жеке ағаштың астына, таңбалау бағаналардың тұсына және су қоймасы жағасында отырмағаны абзал.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірлік ТЖД қауіпсіздікті сақтау шараларынан хабардар ететін 7000-ға жуық үнпарақ таратып, 165 рет түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал, төтенше жағдай орын алған жағдайда азаматтарға барлық байланыс құралдарына тегін қызмет көрсететін тәулік бойы жұмыс істейтін «101» және «112» нөмірлеріне хабарласуларына болады.

null

Соңғы жаңалықтар