Оңтүстікте тоғыз айдың ішінде 153 мың тонна ет өндірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығы бағытында өсім байқалады. Мәселен, ірі қара малдың саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға артып - 950 мың басты, қой мен ешкі 1 пайызға артып  - 4 млн. 252 мың басты, жылқы 19,5 пайызға көбейіп - 291 мың басты, түйе 6,9 пайызға артып - 26 мың басты, ал құс саны 2,6 млн басты құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Статистикалық мәліметке сәйкес, облыстың барлық ауылшаруашылық санатында өндірілген өнім бойынша да өсім байқалады. Атап айтар болсақ, осы жылдың тоғыз айында өңірде 153,4 мың тонна ет (тірі салмақта) өндірілді, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 4,9 пайызға көп. Ал осы уақыт ішінде 575,4 мың тонна сүт өндіріліп - 101,9 пайызға, 254,6 млн дана жұмыртқа өндіріліп - 109,6 пайызға артып отыр.

Мұнан бөлек, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жасалынған мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен 14 516 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 26 230 бас қой, «Құлан» бағдарламасы аясында 2557 бас жылқы сатып алынып, мал тұқымы асылдандырылды.

Жалпы аграрлы аймақта осы жылдың тоғыз айында құны 376,5 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.  Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 57 млрд. теңгеге көп. Өндірілген өнімнің 172 млрд. теңгесі мал шаруашылығы бағытында болса, 203,5 млрд. теңге көлеміндегі өнім егін шаруашылығы бойынша түскен.

 

Соңғы жаңалықтар