Оңтүстікте мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталықтары қажет

None
None
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өңірдегі мүгедектерді әлеуметтік қолдау мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуда аталмыш саладағы ахуал туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Әлі баяндады. Бұл жайында ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.и

Басқарма басшысының айтуынша облыста жалпы мүгедектер саны 2013 жылдың 1 маусымына 92 678 адамды құрап отыр. Ол өткен жылмен салыстырғанда 3717 адамға артқан. 2012 жылы мұқтаж мүгедектерді әлеуметтік қолдау көрсету үшін облыстық және жергілікті бюджеттен 712,3 млн теңге қаржы жұмсалды. 2013 жылға 869, 4 млн. теңге қаралып отыр, өткен жылмен салыстырғанда қаралған қаржы көлемі 22,1 пайызға өсіп отыр. «2011-2013 жылдың 1 тоқсаны аралығында жұмысқа қабілетті 2-3 топтағы 435 мүгедек тұрақты жұмыспен қамтылды, 2012 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 14 мүгедек 30,3 млн. теңге шағын несие алды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда», - дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар 8673 мүгедек арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық, үйде күтім жасау жағдайларында және үкіметтік емес ұйымдар арқылы көрсетіледі.

Басқарма басшысы баяндамасын қорытындылай келе, оңалту орталықтарын ашу үшін облыс әкімінің қолдауы қажеттігін айтты. «Орталықтарды ашу мәселесі ауылды жерде тұратын арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалар үшін маңызды екенін ескеріп, 2014 жылға мемлекеттік оңалту орталықтарын ашуға қажетті қаржының бюджеттен бөлуіне ықпал етуіңізді сұраймыз» -деді басқарма басшысы Мұхит Әлі.

Соңғы жаңалықтар