Оңтүстікте күріш пен мақтаның орнына суды көп қажет етпейтін дақылдар егіледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның оңтүстігінде күріш пен мақтаның орнына тиімді және суды көп қажет етпейтін дақылдар егіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев Түркістан облысындағы ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысына қатысты.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі «Қазақстан Республикасында суармалы егіншілікті дамыту туралы» баяндама жасады.

Манатаев министрліктің жоспары мен суармалы егіншілікті дамыту үшін қабылданған шаралар туралы, сондай-ақ шаруашылық қызметте су ресурстарын үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлерді ынталандыру және мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты айтты.

Ол Қазақстанда суармалы жерлерді пайдалану көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

Алдын ала деректер бойынша, биыл 1,5 млн гектар суармалы жерді пайдалану жоспарланып отыр. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 66 мыңға гектарға артық.

Суармалы жерлерді өңдеу үлесі көп Түркістан облысында биыл мұндай жерлерді 633 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Бұл міндеттер бұзылған гидромелиорациялық жүйелерді қалпына келтіру және жаңадан салу, суару жүйелерінің пайдалы коэффициентін арттыру, орташа суару нормасын төмендету, су үнемдеу және басқа да ресурстарды үнемдеу технологияларын барынша қолдану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдары егу құрылымын өзгерткенде ғана шешіледі.

Президенттің 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, министрлік суды көп қажет ететін және монодақылдардың үлесін азайту, сондай-ақ тиімділігі жоғары дақылдардың (көкөніс-бақша, жем-шөп, майлы дақылдар) алқаптарын ұлғайту арқылы егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізуде.

«Биыл Түркістан облысында жоспарланған мақта алқабы 116 мың гектар, күріш 97,6 мың гектар. Бұл 2020 жылғы деңгейден 10 және 6,4 мың гектарға аз. Қызылорда облысы бойынша мақта алқаптарын 90 мың гектарға дейін, күріш алқаптарын 75 мың гектарға дейін азайту жоспарлануда», - деді спикер.

Су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты вице-министр суармалы жерлердің жалпы үлесінің тек 14%-на (шамамен 200 мың га) заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару пайдаланылатынын атап өтті.

Қалған 1,3 миллион гектар алқапқа жер үстімен суару әдісі қолданылады.

Ылғал үнемдеу технологияларын қолдануда Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының фермерлері үлкен жетістікке жетті.

Сондай-ақ Руслан Манатаев 2022-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша әзірленіп жатқан ұлттық жоба аясында су үнемдеу технологиясы қолданылатын ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданын 420 мың гектарға дейін жеткізу көрсеткіші қарастырылғанын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар