Оңтүстікте дихандар су тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр: Мәулен Әшімбаев проблемаларды атап өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің оңтүстігіндегі дихандар су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Мәулен Әшімбаев Палата отырысында осы түйткілге назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, Палата отырысында Сенат депутаттары Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің суармалы жерлерді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі ақпаратын тыңдаған болатын. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев Түркістан облысының тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларды айтып, Сырдария трансшекаралық өзенінің жағдайына қатысты мәселеге тоқталды.

«Осы аптада Сенатта Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Сол жиында Түркістан облысынан келген әріптестеріміз Жетісай, Мақтарал аудандарындағы мәселелерді көтерді. Негізгі түйткіл – «Достық» каналы арқылы келетін су көлемінің азаюы. Мәселен, көрші мемлекеттермен жасасқан шарттарға сәйкес елімізге секундына 40 текше метр су келуі керек. Алайда, бүгінде ол көрсеткіш шамамен 25 текше метр көлемінде ғана деген ақпарат бар», - деді Палата спикері.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев еліміздің оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы маңызды сала екенін, оны дамыту көрші мемлекеттерден келетін судың көлеміне тығыз байланысты болып отырғанын айтты. Мәселенің оң шешілмеуі аймақтағы шаруалардың наразылығын тудырғанын тиек еткен Сенат төрағасы тиісті мемлекеттік органдарды осы салада белсенділік танытуға шақырды. Мұндай жағдай кешенді тәсілді, сондай-ақ депутаттардың ғалымдармен және сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуін талап ететінін айтты.

«Кейбір өңірлерде топырақтың ерекшелігіне байланысты негізінен тек күріш өсірілетіні белгілі. Алайда, бюрократиялық кедергілерді көлденең тартып, шаруаларға күріш егуге шектеу қоя алмайтынымыз түсінікті. Онымен мәселе шешілмейді. Бұл жерде жан-жақты ойластырылған, пысықталған кешенді жұмыс қажет. Қалыптасқан жағдайды зерттеп, өзара ақылдасып, осы саладағы сарапшылармен кеңесіп отырып шешім қабылдау керек. Бұл – министрдің бір бұйрығымен шешіп тастайтын мәселе емес», - деді Мәулен Әшімбаев.

Спикер көтерілген тақырыпқа сәйкес басымдықтарды іске асыру үшін Сенат Үкіметпен ынтымақтаса жұмыс істеуге де дайын екенін атап өтті. Отырыс барысында жасалған барлық ұсыныс осы іс-шараның қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады.


Соңғы жаңалықтар