Оңтүстікте алиментші әкелер үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстанда борышкерлерден  алимент өндіру үшін еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 

Сарыағаш ауданында осындай 53 борышкер есепке алынып, жұмыспен қамтылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«Алименттен берешегі бар борышкерлерді жұмысқа орналастыру туралы» жәрмеңкесі аудандық прокуратураның бастамасымен өткізілді. Аталған жәрмеңкеде жұмыс беруші мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлер 60 бос жұмыс орнын ұсынды.

Нәтижесінде, екі қолға бір күрек таппай жүрген борышкер әкелер жолдама алып, өз мамандықтарымен жұмысқа орналасты.

«Жыл басынан бері ауданда  алимент берешегі бар азаматтардың жұмысқа орналасуы күн сайын артып келеді. Олардың тұрақты табыс табуына жергілікті әкімдік пен мемлекеттік және жеке сот орындаушылары да атсалысуда. Мәселен,  борышкерлердің бірі  Д.Базарбаевтың перзенттері алдындағы қарызы 133 979  теңгені құраған. Жеке сот орындаушының Сарыағаш аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына ұсыныс жолдауының арқасында бұл азамат балабақшаға өз мамандығымен  жұмысқа қабылданып, берешегін өтеуде»,-дейді аудан прокуроры Нұржан Боранбаев.

Қадағалау органы өкілдері осылайша берешегі бар әкелерге қарыздарынан құтылуға қолғабыс етуде. Себебі, 300 мыңнан аса халық тұратын ауданда алимент қарызы күннен-күнге өсіп отыр. Ал перзенттерін жалғыз өсіруге қиналған аналар прокуратура қызметкерлерінен үнемі көмек сұрап келеді екен.

Соңғы жаңалықтар