Оңтүстікте 50 мыңға жуық жасөспірім «Адалдық сағатына» қатысты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен еліміздің барлық білім беру ұйымдарында алғаш рет бірыңғай жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірыңғай сағат Түркістан облысына қарасты барлық білім ошақтарын, оның ішінде 903 мектеп, 68 колледж, 2 жоғары оқу орнын (Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Сырдария университеті) қамтыды. сабақтың мақсаты - өскелең ұрпақтың бойына адалдық, парасат, әділдік, сенім секілді құндылықтарды сіңіруге және жас буынның рухани болмысын бекітіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру. Дәріс барысында аудан және қала әкімдері лектор болды. Сондай-ақ, әкім орынбасарлары, облыстық және аудандық мәслихат хатшылары, «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық филиал басшыларының бірінші орынбасарлары, мемлекеттік, құқық қорғау және сот органдарының басшылары мен арнайы мониторинг тобының өкілдері шақырылды.

Мәселен, халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттеріне дәріс оқыған агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Х.Көшқалиев жастарды жаңа оқу жылымен құттықтап, сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күрес - ел саясатының негізгі басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

Өңірдегі 50 мыңға жуық шәкіртті қамтыған шарадан қоғам белсенділері де қалыс қалмады. Атап айтқанда, дарынды жазушы, журналист М.Байғұт, облыстың Әдеп жөніндегі уәкілі Ә.Әлішев, Журналистер Одағы облыстық филиалының басшысы Ғ.Елшібай, белгілі айтыскер-ақын, Балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Б.Шойбеков, қазақ күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы А.Нарбек секілді зиялы қауым өкілдері мен спорт шеберлері белсене атсалысты.

Шара барысында лекторлар қазақтың бойында бағзыдан қалыптасқан адалдық пен әділдік құндылықтарының қасиетін қазбалап, тағылымға толы тарих беттеріндегі әділдікті ту еткен кемеңгерлердің туралығына тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялап, ел жастарына зор сенім білдіргенін, Қазақстанның жарқын болашағы – бүгінгі жас буынның қолында екенін жеткізді. «Адалдық сағатында» білім алушыларға арнайы әзірленген бейнероликті көрсету арқылы адалдық – парасаттың ең биік шыңы, әрі адам бойындағы ең асыл қасиет екендігі жіті түсіндірілді. Айта кетейік, бұл игі бастама дәстүрлі түрде жыл сайын 1 қыркүйек – Білім күнінде басталып, оқу жылының соңына дейін жүйелі түрде еліміздің абыройын асқақтатып жүрген ел мақтаныштары мен қоғам белсенділерін қатыстыра отырып өткізілетін болады.


Соңғы жаңалықтар