Оңтүстікте 300-ден астам мектеп директоры кабинетін оқушыларға босатып берді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 300-ден астам мектеп директоры кең кабинетін оқушыларға босатып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында 606 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның 445-і жергілікті атқарушы және 161-і орталық органдардың аумақтық департаменттері. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев мәлімдеді. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалының директоры Жанат Момынқұлов І жартыжылдық есебі туралы баяндама жасады.

Соңғы алты айда департамент тарапынан 32 тексеру жүргізіліп, 1 558 құқық бұзу фактісі анықталды. Заңсыздықтарды жою мақсатында 98 ұсыныс енгізіліп, 20 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Ал 9 лауазымды тұлғаға әкімшілік тарапынан іс қозғалған. Нәтижесінде 231 300 теңге айыппұл өндірілді.

«Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 27 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылып, оның ішінде мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, дөрекілік танытқан 2 лауазымды тұлға және сыбайлас жемқорлық фактілерін біле тұра құзырлы мекемелерге хабарламаған бір басшы қызметінен босатылды. Мансаптық жоғарылату ішкі конкурстар нәтижесінде 242 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалған. Сөйтіп мансаптық өсу көрсеткіші 67,2 пайыз құраған», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.

Былтырдан бастап тестілеу орталығы жұмыс істеп жатыр. Тестілеуге 914 адам қатысты. Оның 32 пайызы оң нәтижесін алды.

Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 300 мыңнан астам адамды қамтыған 1700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында 110 түсіндіру жұмысы жүргізілген. Ал «Түркістан – адалдық алаңы» жобасы аясында – 700 -ден астам шара атқарылды.

Сонымен қатар, Түркістанда «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Алты ай қорытындысы бойынша жобалық кеңсемен 438 іс-шара атқарылды. Аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарынан бастау алды. Өңірдегі жоғары қабатта отырған 316 мектеп директорының 308-і ашықтықты қамтамасыз ету үшін 1-қабатқа орналастырылды. Сонымен қоса, 8000-нан астам ауыл тұрғындарына «Ашық Түркістан» жобасы аясында құқықтық, заңнамалық көмек көрсетіліп, 40 ауылдық әкімдікте барлық тұрғындарға қолжетімді тегін WI-FI, стационарлы тегін телефон, компьютер және принтерлер қойылды. Бұл жоба аясында қоғам арасында адалдық, парасаттылық негіздерін қалыптастыру мақсатында облысымызда соңғы 6 ай ішінде жобалық кеңсе бастамасымен 18 «адалдық дүкені» ашылды.

«Биыл Түркістанда жұмысын бастаған ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалы мемлекеттік қызметтің тиімділігін күшейту мақсатында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып, қайта даярлауда. Академия филиалы Түркістан облысы әкімдігі мен агенттік департаментінің қолдауымен бірінші жартыжылдықта 5 қайта даярлау курсы мен 20 біліктілігін арттыру семинарында 646 мемлекеттік қызметшіні оқытты. Филиалда биыл 1092 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған. Бұған қоса, жоспардан тыс, ақысыз 10 семинарда – 279, жалпы 923 адам оқытылды», – деді Ж. Байжомартұлы.




Соңғы жаңалықтар