Оңтүстікқазақстандықтар үшін баспаналы болудың 5 бағыты аталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында  тұрғын үй кезегіне 43 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл республика бойынша 3-ші көрсеткіш. 

Алдағы бес жылда өңірде 47 мыңнан астам отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында  облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Мемлекеттік  «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының өңірде іске асырылу барысын баяндаған  Дархан Амангелдіұлы  негізгі бес бағытқа тоқталды.  Құрылыс көлемінің өсімі 10 пайыздан  асып,  2021 жылға дейін  жылына 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп отырады. 

«Тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сәйкес, өңірімізде  5 жылда барлық қаржыландыру көздері арқылы жалпы 47 619 отбасын баспанамен қамтамасыз ететін боламыз»,  - деді Дархан Амангелдіұлы.     

Бірінші бағыт - ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру. Мұнда халық тарапынан сұранысты ынталандыру мақсатында, екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несие беру көлемін арттыру үшін, жыл сайын республика бойынша 10 млрд. теңге субсидия беріледі. Яғни, қазіргі таңда банктер арқылы берілетін ипотекалық несие көлемі жылдық 17 пайызды құраса, бағдарлама шеңберінде  оның 7 пайызы  субсидия бөлу арқылы жабылатын болады. Ал, түпкілікті қарыз алушыға 10 пайызбен, тұрғын үйді сатып алуға несие 15 жылға дейін берілмек.

Бағдарлама аясындағы ипотекалық несие тұрғындарға ай сайынғы төлемді 30 пайызға төмендетпек.  Бұл шара өз тарапынан, ипотекалық несиені қолжетімді етіп, тұрғындардың баспана алуына үлкен мүмкіндіктер туғызбақ.

 «Бағдарламаның келесі бағыты - жеке құрылыс салушыларды ынталандыру. Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру мақсатында екінші деңгейлі банктерге  несие беру көлемдерін кеңейту арқылы құрылыс компанияларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге субсидия бөлінбек. Субсидия 3 жылға беріліп,  тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына дайын тұрғын үйдің кемінде 50 пайызы  ұсынылатын болады. Бұл өз кезегінде  157 млрд.теңгені субсидиялауға мүмкіндік беріп, 600 мың. шаршы метр тұрғын үй  салуға себеп болмақ» , - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Үшінші бағыт - тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі арқылы кредиттік баспана салу. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары, оның ішінде жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған адамдар үшін кредиттік баспана салу жалғасатын болады.

Мұнда несиелік үй құрылысы 2 бағыт арқылы іске асырылмақ.  Біріншіден, мерзімділігі 2 жылға дейін бөлінген қаражатты құрылыстың жаңа жобаларына қайта жұмсау арқылы жергілікті атқарушы органның облигациялар шығаруы жолымен жүзеге асады.  2017-2021 жылдар аралығында республика бойынша «Бәйтерек» ҰБХ АҚ-ның облигациялары арқылы 805,7 млрд.теңге бөлу жоспарланып отыр.   Несиелік тұрғын үйдің құны бір шаршы метрі -140 мың теңгеге дейін болмақ.  Осылайша, облыс бойынша 2017-2021 жылдар аралығында шамамен 78,2 млрд.теңгеге несиелік үйлер салынып, 558,6 мың шаршы метрді құрайтын 7146 пәтер пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Екіншіден, банктерге шартты салымдар салу арқылы жүзеге асады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» екінші деңгейлі банктерге төменгі пайызбен қаржы беріп, ол қаржы тұрғын үй салатын компанияларға 7 пайызбен  ұсынылмақ. Бұл шара тұрғын үй салу көлемін едәуір арттырады деп күтілуде.

Төртінші бағыт - халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалға берілетін  тұрғын үй құрылысы. 2017-2021 жылдар аралығында өңіріміздегі республикалық бюджеттен арендалық тұрғын үйлер құрылысына 159,6 млрд. теңге қарастырылған.

Аталған жылдар аралығында 427,9 мың шаршы метр арендалық тұрғын үй 6816 пәтер құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Бағдарламадағы бесінші бағыты - жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Бұл бағыттың шеңберінде көптеген озық әлемдік  қалалардың үлгісінде бірыңғай сәулеттік стильде жеке тұрғын үйлер салуға басымдық беріледі. 

Соңғы жаңалықтар