Оңтүстікқазақстандық прокурорлар бір жылда 4,5 мыңнан астам қылмыстық істі қараған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстікқазақстандық прокурорлар бір жылда төрт жарым мыңнан астам қылмыстық істі қарап, кінәлі тұлғаларға қатысты мемлекеттік айып таққан. Бұл көрсеткіш елімізде орын алған қылмыстардың 10 пайызын құрайды. Бұл туралы бүгін облыс прокуроры Ибраһим Иманов кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыс прокурорының сөзінше, өңірде 2011 жылдан бері қылмыс көрсеткіші өсіп, 16 пайызға жеткен. Құқық бұзушылықтың басым бөлігі Шымкентте тіркелген. Қадағалаушы орган өкілдері негізінен ұрлық, алаяқтық деректері жиі орын алатынын айтады. Әсіресе жаңадан құрылған Қаратау ауданында көлік ұрлау, үйлерді тонау сияқты қылмыс түрлері өршіп тұр екен. Осы ретте прокурорлар жаңадан қолға алынып жатқан «Шымкент-қауіпсіз қала» жобасы аясында құқық бұзушылық деректері азаяды деген сенімде.

«Бірінші кезекте алаяқтық қылмысқа назар аударылды. Себебі, олардың соңы жаппай тәртіпсіздікке де ұласуы мүмкін. Аталған жұмыстар нәтижесін беріп, қазірдің өзінде алаяқтық қылмысы 36 пайызға азайған. Соның нәтижесінде соңғы 7 жылда Шымкент қаласындағы қылмыстың деңгейі 7 пайызға кеміген», - деді облыс прокуроры.

Алқалы жиында тәртіп сақшыларының ісіне де қатысты сын-ескертпе айтылды. Мәселен, полицейлер бензинмен жүретін көлікке газ орнатуға рұқсат сұрап келген жүргізушілердің арызын шағым ретінде тіркеп келіпті.

«Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасына жүргізілген тексеру барысында өтініш ретінде тіркелген 9 мыңнан астам жасырын мемлекеттік қызмет көрсетілгені анықталды», - дейді Иманов.

Соңғы жаңалықтар