Оңтүстік жұртшылығы қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

None
None
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжан мен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалды кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингісі өтті.

Бұдан бөлек, облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында қуғынға ұшыраған азаматтардың ұрпақтарымен кездесу өтіп, Ж.Шанин атындағы драма театрында «Тарих қасіреті» атты шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған ас беріліп, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Тарихи қатал шындық және ортақ тағдыр» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.

Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы 2013 жылғы 30-31 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты жыл сайынғы халықаралық жобаның шеңберінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарих қасіреті» акциясын өткізуде.

Жобаның мақсаты - ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға және жалпы құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ету, тарихта із қалдырған осы оқиғаны сақтап, келешек ұрпаққа тарихи тәжірибені жеткізу ісінде азаматтық қоғам мен мемлекетті біріктіру.

Аталған шараларға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлік ассамблеялардың мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, шығармашыл зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері, саяси қуғын-сүргін және депортацияға ұшыраған халықтар өкілдерінің ұрпақтары, ғалымдар, музей және мұрағат қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар