Оңтүстік жастары өз «тірліктерімен» солтүстіктегілердің шамына тиіп жатады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Серпін - 2050» бағдарламасы қолға алынған алғашқы жылы солтүстік облыстардың оқу орындарына түсетін оңтүстіктің жастары үшін 2 050 грант бөлінген болатын. Келесі жылы 6200 білім беру гранты бөлінді. Биыл аталған көрсеткіш төмендеп, 4 300 грантты құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гранттардың саны азайды. Мен оның себебін білмедім. Елбасы гранттарды көбейтіндер, көбейтіндер деп жатқанда біз кері кетіп жатырмыз», - дейді «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, алыс жерге қарамай, басқа облыстарға көшу жағынан батылдық танытып жатқан аймақтардың ішінде Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстары көш бастап тұр.

«Біз ол жастарды бейімдеудің өзіндік бір жүйесін қолға алдық. Мәселен, бір «серпіндік» барса, оның қасына жергілікті жерден бір жетекшіні қою қажет. Әйтпесе, қазірдің өзінде проблемалар туындап жатыр. Біздің оңтүстіктен келген балалар белсенділеу, барғасын, әртүрлі «тірлікке» қатысады және шиеленістер туындап жатады. Біз оның бәрін тежеп отыруға тырысамыз. Дегенмен, әлі де жұмыс жасау қажет», - деп атап көрсетті М.Әбенов.

Осы орайда жоба үйлестірушісі жергілікті атқарушы органдарының «Серпінге» қатысты көзқарасын өзгерту керек дейді. Себебі атқамінерлердің басым бөлігі одан ұлтаралық қақтығыстар туындауы мүмкін деп ойлайды. Алайда осы уақытқа дейін аталған бағдарламаға қатысқандардың ішінде қазақтардан бөлек 13 ұлт өкілдері бар. Сондықтан «Серпін-2050», керісінше, жастардың өзара араласуына себеп болады. Осыны дұрыс түсінбейтін әкімдер Елбасының тапсырмасын орындауға асықпай отыр.

Кеңес төрағасының сөзіне қарағанда, бүгінде «Серпін- 2050» бағдарламасы аясында гранттардан басқа ешқандай қаржы бөлінбейді. Алайда аталған бастаманы ұйымдастыру, насихаттау және тағы басқа шараларға қаржы қарастырылмаған.

«Қазіргі кезде біз жастармен арнайы байланыс жүйесін жасап қойдық. Call-орталық бар. WhatsApp арқылы байланыс, арнайы сайт - бәрі  жеке ақшаға жасалды. Бұның барлығына мемлекеттің қолдауы қажет деп ойлаймын», - дейді М.Әбенов.   

 

 

Соңғы жаңалықтар