Оңтүстік және Солтүстік Корея осы аптада жоғары деңгейде келіссөздер жүргізеді

None
None
СЕУЛ. ҚазАқпарат - Осы аптада Оңтүстік және Солтүстік Корея арасында өтетін жоғары деңгейлі келіссөздерде екі ел басшыларының 27 сәуірдегі тарихи саммитінде қол жеткізген келісімдерін іске асыру талқыланады, деп хабарлайды Ренхап агенттігі Оңтүстік Корея Бірігу министрлігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін министрлік апта басында кездесу өткізу туралы ұсыныс жасалғанын, бірақ Пхеньяннан әлі жауап келмегені туралы мәлімдеген.

«Екі ел арасындағы кеңестер әлі жалғасып жатыр. Кездесу осы аптаның ішінде өтеді деп күтіп отырмыз», - дейді министрліктің ресми өкілі Пэк Дэ Хён.

Кездесуде басты назар Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 27 сәуір күні Пханмунджомда қол қойған тарихи декларацияның орындалуына бағытталған нақты қадамдарды талқылауға аударылады.

Президенттер қол қойған бірлескен декларация екі тараптың бір-біріне бағытталған барша қастық әрекеттерді тоқтатуды көздейді. Құжатқа сәйкес, Солтүстік Кореяның Кэсон қаласында екіжақты байланыс жөніндегі кеңсе ашылады. Тараптар экономикалық ынтымақтастықты қайта жандандыру мүмкіндіктерін қарауға уәде еткен.

Олар, сондай-ақ 15 тамызда Азат ету күніне орай 1950-53 жылдардағы Корея соғысы кезінде ажырап кеткен отбасыларды кездестіруге келісті.

Соңғы жаңалықтар