Оңтүстік өңірлерде күннің күрт жылынуы су тасқыны қаупін тудыруы мүмкін

None
None
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Оңтүстік өңірлерде күннің күрт жылынуы су тасқыны қаупін тудыруы ықтимал.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, осы аптада Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында ауа температурасы күрт көтерілетін болады. «20-25 наурыз аралығында температура 17 градусқа дейін жылынатынына барша әкімдіктердің назарын аударғым келеді. Алматы облысындағы тау бөктерінде қар елеулі көлемде жинақталған. Күннің жылынуы қардың күрт еруіне әкелетіні белгілі»,-деді министр. Осы орайда В. Божко бұған дейін бірнеше рет су басқан Сарқант және Талғарға ерекше көңіл бөлу керектігін, сондай-ақ бұл мәселені Жамбыл облысы  бойынша және Ұзынағаш, Қаскелең аумағы тұрғысында ескеру қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы осы аптада Алматы облысындағы Ұзынқарғалы, Үлкен Алматы өзендеріндегі су деңгейі көтерілетінін атап өтті. Сондай-ақ өзендердегі көктемгі су деңгейінің көтерілуі  батыс өңірінде наурыздың соңы мен сәуірдің басында, ал орталық аумақтарда сәуірдің алғашқы онкүндігінде, солтүстікте сәуірдің екінші онкүндігінде болады деп күтілуде.

Сөз соңында министр ағымдағы аптада қар көшкіні қаупі  Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы тау бөктерінде қалыптасуы мүмкін екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар