Оңтүстік Кореяның экс-президентінің құрбысы жиырма жылға сотталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сеул соты сейсенбі күні Корея Республикасының бұрынғы президенті Пак Кын Хенің бала күнгі құрбысы Чхве Сун Сильді жиырма жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ренхап агенттігіне сілтеме жасап.

Чхве Сун Силь сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпталған соң, ел тарихындағы тұңғыш әйел президент Пак отставкаға кеткен еді.

Соттың шешімімен Чхве Сун Силь 18 млрд вон (16.6 млн АҚШ доллары) мөлшерінде айыппұл да төлейтін болды.

62 жастағы әйел 2016 жылдың қарашасында сыбайлас жемқорлық жасады, бұрынғы президентпен байланысын асыра пайдаланды деген айыппен ұсталды. Іс материалдарына қарағанда, Чхве Оңтүстік Кореяның 50-ге жуық конгломераттарын жалпы 77,4 млрд вон мөлшеріндегі қаржыны өзі бақылайтын қорларға аударуға мәжбүрлеген.

Прокурорлар оған 25 жылға жабу және 118 млрд вон мөлшерінде айыппұл төлеу жазасын беруді сұраған, ал Чхве өзіне қойылған айыптардың ешқайсысын мойындамады.

Бұрынғы президент және Чхве айналасындағы жанжал елде жаппай наразылықтарға себеп болып, халық президенттің отставкаға кетуін талап еткен болатын. Осы талапты 2017 жылдың наурызында Конституциялық сот та қолдаған.

Соңғы жаңалықтар