Оңтүстік Кореядағы зауытта жарылыс болып, 50-ден астам адам зардап шекті

None
None
СЕУЛ. ҚазАқпарат – Сәрсенбі күні Оңтүстік Кореяның Сеосан қаласындағы Lotte Chemical Corp зауытында болған жарылыс салдарынан 56 адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА Yonhap-қа сілтеме жасап.

Жарақаттанғандар арасында компанияның төрт қызметкері мен жергілікті тұрғындар бар. Компанияның берген ақпаратынша, қатты күйік шалған екі адам ауруханаға жеткізілді. Қаза болғандар туралы ақпарат келіп түскен жоқ.

Lotte Chemical басшысы Лим Бюнг-юн (Lim Byung-yun) болған оқиғаға байланысты өкінішін білдіріп, компанияның жарылыс салдарын жоюға және өтемақы төлеуге қатысты іс-шаралар қолданатынын айтты.

Өрт сөндірушілердің сөзінше, таңғы сағат 2:59-да Сеосандағы Daesan мұнай-химиялық кешенінде мұнай крекингінің құрылғысы жарылып, өрт шыққан.

Тілсіз жау сағат 5:12-де 270 өрт сөндіруші және 66 арнайы техниканың күшімен сөндірілді.

Lotte Chemical зауытында жарылыс мұнайдың сығылуы салдарынан болды деп болжанып отыр.


Соңғы жаңалықтар