Оңтүстік Кореядағы ҚР азаматы Ельнур Асанов бірінші болып дауыс берді

None
СЕУЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Корея Республикасы мен Жапониядағы азаматтары ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру құқығын алғашқылардың бірі болып пайдаланды. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

Сеул қаласында сайлауда дауыс берген алғашқы ҚР азаматы курсант Ельнур Асанов болды.

«Мен бұл сайлау еліміз үшін экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады деп күтемін. Трансформация біздің мемлекетіміз үшін қажет, ол елдің дұрыс бағытта дамуына қуатты серпін береді деп сенемін. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде азаматтық борышымды орындап, өз үлесімді қосқым келеді! Елімізге нығайып, өркендепу тілеймін!» - деді Е.Асанов.

ҚР Конституциясына сәйкес, Парламент Мәжілісі аралас сайлау жүйесі бойынша Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 98 депутаттан тұрады. Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша, яғни партиялық тізім бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша – 29 депутат сайланады.

19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және 19 наурыз күні Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған еді. Бұл күні Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды.

Бұл күні 12 млн-ға жуық азамат таңдау жасайды. Алдын ала тұрғылықты жері бойынша 11 970 406 сайлаушы анықталды. Сайлаушылардың ең көбі – 1 177 507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелген. 2023 жылғы 4 наурыздан бастап учаскедегі сайлаушылар тізіміндегі деректері тексеру мүмкіндігі берілді.


Соңғы жаңалықтар