Оңтүстік Кореяда оқығысы келетін қазақстандықтар бас қосты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Корея Республикасы Елшілігі жанындағы Корей мәдени орталығында корей тілін үйренгісі келетін және Кореяда оқуға қызығушылық танытқан қазақстандықтармен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған іс-шараға корей тілін үйренуге және Кореяда оқуға деген ынтасы зор жалпы саны 824 қазақстандық қатысты. Іс-шараның Instagram-да көрсетілуінің арқасында барлығы уақыт пен кеңістікте шектеусіз GKS бағдарламасы мен TOPIK тесті туралы мағлұмат алды. Кездесуге онлайн да, офлайн режимде де қатыса алмағандар үшін іс-шара аяқталғаннан кейін орталық өз аккаунттарына екі бейне жүктеді: кездесудің трансляциясының толық жазбасы мен Кореяда оқитын студенттерден GKS бағдарламасы бойынша бейне-презентация. Жарияланған бейненің екінші бөлімінде Халықаралық қатынастар факультетінде оқитын Ёнсе университетінің магистратура бөлімінің екі студенті Сайлаубек Арайлым және менеджментті зерттейтін Трумова Айбота Кореядағы GKS бағдарламасы бойынша оқуға дайындық және корей университетіне түскеннен кейінгі оқу процесі туралы әңгімеледі.

Сондай-ақ іс-шарада Сунчхон университетінің магистратура бөлімінде экономика факультетінде оқитын Азаматова Ажар және осы жылдың бірінші жартыжылдығында GKS бағдарламасы бойынша грант жеңіп алған, келесі жылы Тэгу қаласындағы Кёнбук университетінің магистратура бөлімінде медиакоммуникация факультетінде оқитын Арымбай Айзере сөз сөйледі. Олар іс-шараға қатысушылармен офлайн режимінде кездесіп, GKS бағдарламасы туралы практикалық ақпараттармен бөлісті. Іс-шара соңында сұрақтар мен жауаптар секциясы ұйымдастырылды. Онда қатысушылар GKS бағдарламасы және TOPIK тестісі бойынша баяндамашыларға өз сұрақтарын қойды.

«Кореяға оқуға баруды армандап, осы шараға қатысуға шешім қабылдағандардың барлығына алғыс айтамын. Шетелде оқу үшін корей тілін үйрену жолдарынан бастап Кореядағы студенттік өмірге дейін көптеген қызықты мәліметтерді білдіңіздер деп үміттенемін. Кәріс тілін үйренудегі мақсаттарыңыз орындалып, Кореяда оқимын деген армандарыңыз орындалады деп сенемін», - деді Корей мәдени орталығының директоры Ли Херан ханым.


Соңғы жаңалықтар