Оңтүстік Кореяда қазақстандықтарды жұмыстан қуып жатыр – фейк

None
Фото: AP Photo / Lee Jin-man
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Оңтүстік Кореяда қазақстандықтарды жұмыстан шығарып жатыр». ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл ақпараттың жалған екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде «екі қазақстандықтың Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз кесіп өту оқиғасынан кейін сондағы отандастарымызды жұмыстан шығара бастады» деген ақпарат жарияланды.

«Оңтүстік Кореяда қазақстандықтарды жұмыстан шығарып жатыр» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол әлеуметтік желідегі пабликтердің бірінде жарияланды. Парақшаны жүргізетін блогер бұл «жаңалықтың» қайдан шыққанын түсіндіре алмады. Өкінішке қарай, кейбір қазақстандық БАҚ бұл ақпаратты нақтыламай жариялады. Осы орайда, Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпаратына сүйенуді және қажетсіз дүрбелең тудырмауды сұраймыз», - деп жауап берді Айбек Смадияров ҚазАқпарат тілшісіне.

Сондай-ақ, СІМ ресми өкілі Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақстандықтың тағдырына қатысты жергілікті полициядан хабар күтіп отырғанын жеткізді.

Еске салсақ, осыдан бірер күн бұрын екі отандасымыз Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынғанына қарамастан, аталған елге заңсыз кіріп кеткен еді. Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, көп ұзамай оның біреуі ұсталып, екіншісіне іздеу салынды.

Айта кетсек, екі қазақстандықтың әрекеті Оңтүстік Кореяда қоғамдық резонанс тудырып, жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланғаны айтылды. Кейін белгілі болғандай, Инчхон әуежайынан қашып кеткен екінші қазақстандық полицияға өз еркімен берілді.


Соңғы жаңалықтар