Оңтүстік Корея Түркияға гуманитарлық көмек ретінде 5 миллион доллар жібермек

None
СЕУЛ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея Түркияға гуманитарлық көмек ретінде 5 миллион доллар ұсынуды, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен кейін 110-ға жуық адамды іздеу-құтқару жұмыстарына жіберуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Йонхап агенттігіне сілтеме жасап.

Сейсенбі күні Сеул Сыртқы істер министрлігі Түркияға медициналық заттарды әскери-көлік ұшақтарымен жеткізетінін растады.

Министрліктің хабарлауынша, топқа Кореяның табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету ұйымының 60-тан астам мүшесі және 50 әскери қызметкері кіреді.

Шешім елдің оңтүстігінде, сондай-ақ Сирияда болған жер сілкінісінің салдарын жоюда Түркияға көмектесу мақсатында өткен ведомствоаралық отырыста қабылданды.

Сол күні президент Юн Сок Ёл Оңтүстік Корея үкіметіне Түркияға жедел түрде құтқарушылар мен медициналық заттар жіберуді бұйырды. Корея тарапы Түркияның Оңтүстік Кореядағы елшісі Мұрат Тамермен де келіссөздер жүргізіп, Анкараға белсенді қолдау көрсетуге уәде берді.

Кореяның ресми ақпарат көздерінің хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағына жақын орналасқан Хатай провинциясына барған Оңтүстік Корея азаматын іздеу жұмыстары әлі жалғасуда.

Еске салайық, Түркия мен Сирия бірнеше жойқын жер сілкінісінен зардап шекті. Көптеген елдер зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету үшін қызметкерлерді, медициналық құралдар мен жабдықтарды жіберуге асықты.

Соңғы жаңалықтар