Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль ресми сапармен Қазақстанға келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстанға сапары жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Оңтүстік Корея Республикасының сыртқы істер министрі Пак Жин мырзамен ашық әрі нәтижелі келіссөз өткіздік. Оның қорытындысы бойынша өзара өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға жақсы мүмкіндік туды деп ойлаймын. Осы орайда министр Пак Жинге және Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігінің делегациясына елімізге ресми сапармен келгені үшін тағы да алғыс айтамын. Оңтүстік Кореямен достық, өзара сенім мен конструктивке негізделген әріптестікті дамыту - еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтың бірі», - деді Мұрат Нұртілеу Оңтүстік Корея Республикасының сыртқы істер министрі Пак Жиннің елімізге сапары барысында ұйымдастырылған брифингте.


Министр екіжақты сенімді әріптестіктің дәлелі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы тамыздағы Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапарын келтірді.

Аталған сапар барысында екіжақты қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілген.

«Сондай-ақ, әріптесіммен келесі жылы Оңтүстік Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль мырзаның Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға және оны жоғары деңгейде өткізуге күш саламыз деп келістік. Сонымен қатар, Үкімет пен Парламент мүшелерінің сапарын өткізу саяси диалог пен ықпалдастықты нығайту тұрғысынан маңызды екені туралы ортақ пікір қалыптасқаны қуантарлық жайт», - деді М. Нұртілеу.


Соңғы жаңалықтар