Оңтүстік Корея Орталық Азия елдерімен құрлық арқылы сауда жасауға үміт артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Сонгнам Лим Солтүстік Корея арқылы құрлықтық жолмен Орталық Азия елдерімен сауда байланыстарын дамытуға үміт артатындығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Дамир Байманов Сеулден.

«Бүгінде Корея мен Орталық Азия елдері арасында іс жүзінде еш байланыс жоқ. Өйткені, арада Солтүстік Корея бар. Дегенмен, біз солтүстіккорейлік мәселе шешіледі деп санаймыз және бұл кедергілер жойылып, Орталық Азияның Корей Республикасымен байланысы орнайтын болады», - деді ол «Корея Республикасы  - Орталық Азия» 10-шы ынтымақтастық форумы барысында.

Вице-министрдің атап өтуінше, Орталық Азия Еуразияның жүрегі саналады және бүгінгі күні әлемдік қоғамдастыққа қарай нық қадам басып, жаңа энергияның генераторына айналуда.

«Келер жыл - айрықша жыл. Өйткені, біз Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтеміз. Өзара қарым-қатынас тамаша дамуға қол жеткізді. Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 160 есе өсті, Орталық Азия елдерінен келетін саяхатшылар легі мың есе артты. Корея Республикасы Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық серіктестердің бірі саналады», - деді ол.

Сонгнам Лимның пайымынша, 10 жыл бойы «Корея Республикасы  Орталық Азия» ынтымақтастық форумы біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына, гуманитарлық алыс-берістің кеңеюіне және жалпы ынтымақтастықты ынталандыруға өз септігін тигізіп келді. Форум біздің өзара қарым-қатынасымыздың локомотиві рөлін табысты атқара алды. Ал осы жолы вице-министр ынтымақтастықтың негізгі үш бағытын ұсынды.

«Біріншіден, Орталық Азия өнеркәсіпті жаңғыртып, әртараптандыруға ұмтылуда. Дәл осыны ескерер болсақ, меніңше, біз жаңа Жібек жолын ашу үшін барынша лайықты серіктес саналамыз. Форум хатшылығы ақпарат кеңістігін құру, су ресурстарын зияткерлік басқару жобаларын жүзеге асыру жұмыстарын бастайды. Бұл біздің ынтымақтастығымыздың жетекші перспективалы жобалары саналады», - деді ол.

Екіншіден, ол соңғы жылдары біздің елдеріміздің жастары арасындағы мәдени-гуманитарлық алыс-берістің жандана түскендігін атап өтті.

«Орталық Азияда корей телесериалдары музыкасы зор танымалдыққа ие. Жалпы, Кореяның өзіне қызығушылық артып келеді. Өткен аптада Кореяда Орталық Азия халықтарының мәдени фестивалі зор табыспен өтті. Осы тұрғыда келесі жылы хатшылық Үкімет, бизнес, ғылым, БАҚ, мәдениет деңгейіндегі түрлі іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр», - деді вице-министр.

Үшіншіден, ҚР СІМ өкілі Корея мен Орталық Азия арасында географиялық алшақтық болғанымен, оны киберкеңістік саласындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы еңсеруге болатындығына сенім артты.

«Шығыс пен Батыс өркениеті Жібек жолының болуының арқасында дами алар еді. Біз жаңа ақпараттық технологиялардың арқасында дамытуға болатын жаңа жолдарды аша аламыз деп үміттенеміз. Сонымен бірге бізді жаңа Жібек жолымен қосатын желі де құруға болады. Мұнан бөлек, бүгінгі күні біз арнайы онлайн-тұғырнама жасаудамыз. Оның арқасында Корея мен Орталық Азия байланыса алады және бұл контенттің дамуын ынталандыруға септігін тигізеді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар