Оңтүстік Корея онлайн-қызмет көрсетуде әлемде қалай көш бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Ұлттық ақпараттық қоғамдық агенттігінің өкілі Мьенгвон Сонг цифрландыру жүйесін табысты түрде жолға қойған өз елінің тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңтүстік Кореяның Ұлттық ақпараттық қоғамдық агенттігінің Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жаһандық ынтамақтастық департаментінің бас ғылыми қызметкері, ғылым докторы Мьенгвон Сонг бүгін Астанадағы «Цифрландыру жағдайында мемлекеттік қызметтерді көрсету саласын дамыту перспективалары» шарасына қатысты. Аталмыш конференцияны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырып отыр.

«Кореяның электронды үкімет жүйесін бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең 1967 жылдан 1994 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Ол шақ - электронды үкімет жүйесін құрудың ең бастапқы уақыты. Осы аралықта ақпараттарды өңдеу үшін тұңғыш рет персоналды компьютерлер енгізіле бастады. 1995-2002 жылдар аралығын қамтитын екінші кезеңде электронды үкіметтің институционалдық базасы бекітілді. Осыдан кейін біз саты-саты бойынша ақпараттарды цифрландыруға қадам жасай бастадық. Екінші кезеңде біз цифрландыруды дамытудың бірден-бір алаңы - кең ауқымды интернет желісін іске қосу екенін түйсіндік те, осы бағытқа қаржылық инвестиция көптеп салына бастады. Екінші кезеңде электронды үкімет туралы құжат күшіне енді. Осы алаңның арқасында Корея үкіметі электронды қызметтердің тізімін едәуір арттыруға қол жеткізді», - дейді Мьенгвон Сонг.

Оның айтуынша, Корея үкіметі қазіргі прогреске жету үшін бірқатар қиыншылықтармен бетпе-бет келген. Нақтырақ айтқанда, ақпараттарды интеграциялауда және азаматтар ақпараттық қызметті алу кезінде кедергілер бар болып шыққан.

«Сондықтан, азаматтардың онлайн-қызметтерді алуын жеңілдету үшін 2008 жылдан бастап мемлекеттік қызметтердің интеграциясы басталды. Бұл ретте мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтыққа басымдық берілді. Осының арқасында онлайн-қызметтер бойынша Оңтүстік Корея үш жыл қатарынан бірінші орын алған болатын», - деді кореялық маман.

Мьенгвон Сонгтың айтуына қарағанда, Кореяның электронды үкіметі қазіргі таңда 1400 электронды үкіметтік қызметті біріктіреді.

«Сіздерге Корея электронды үкіметінің негізгі жүйелерін таныстыра кетсем деймін. «One stop» жүйесі арқылы кореялық азамат тұрғылықты мекенжайын ауыстырған жағдайда аталмыш порталға еніп, мекенжайын өзгерту туралы бір ғана хабарлама жіберіп, мекенжай бойынша тіркеле алады. Демек, оған міндетті түрде мемлекеттік органдарға барып, өтінім берудің қажеті жоқ. Сол секілді «Hometax» ұлттық электронды салық жүйесі арқылы азаматтар банктерге немесе салық органдарына бармай-ақ онлайн-режімде салықтық қызметтерді алады. Бұдан бөлек, «UNI-Pass» кедендік тазартудың электрондық жүйесі де өз жемісін беріп отыр. Өзіңіз білетіндей, Кореяның негізгі табыс көзі - сауда-саттықта. Аталмыш жүйе арқылы азаматтар аз уақыт ішінде импорттық-экспорттық мәселелердің бәрін реттей алады. Сонымен бірге, KONEPS онлайн сатып алудың электронды жүйесі арқылы кореялықтар интернет-сауда жүргізеді», - дейді ол.

Мьенгвон Сонг сонымен қатар, Кореядағы ведомстволар ақпараттарын өзара алмаса алатындай жағдай жасағанын атап өтті. Ол үшін Кореяда GIDS  - үкіметтің мәліметтерін интеграциялау орталығы ашылған екен. Аталмыш жүйе белгілі бір азамат туралы барлық мәліметтерді бір орталыққа жинай алады.

 

Соңғы жаңалықтар