Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 8,5 млрд доллар инвестиция салды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат- Оңтүстік Корея - Қазақстандағы ең ірі 10 инвестор елдің бірі. Осы күнге дейін аталған мемлекет еліміздің экономикасына 8,5 млрд доллар инвестиция құйған. Толығырақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында мазмұнды әрі тұрақты саяси диалог орнаған. Көптеген өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Әсіресе, көпжақты дипломатияда өзара қолдау жолға қойылғанын ерекше атап өткен жөн. Сауда мен экономика саласындағы ынтымақтастық жыл санап қарқынды дамып келеді. Оңтүстік Корея - Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі және Азия құрлығындағы ауқымы жағынан екінші сауда серіктесіміз», - деді Мұрат Нұртілеу Оңтүстік Корея Республикасының сыртқы істер министрі Пак Жиннің елімізге сапары барысында ұйымдастырылған брифингте.


Министрдің айтуынша, болашақта екі мемлекет те инвестиция көлемін ұлғайтуға мүдделі.

«Осы уақытқа дейін Оңтүстік Корея Республикасы Қазақстан экономикасына 8,5 млрд доллар инвестиция құйды. Былтыр бұл үрдіс жалғасып, бір жылда оның көлемі 1,5 млрд доллар болды. Бұл - екіжақты инвестициялық ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстанда көлік жасау, құрылыс, мұнай-химия, азық-түлік және тағы басқа салаларда «KIA», «Hyundai», «Lotte», «POSCO», «SK» сияқты корей бизнесінің қатысуымен 740 компания тіркелген. Олар бірлескен 28 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр», - дейді ол.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль ресми сапармен Қазақстанға келеді.


Соңғы жаңалықтар