Оңтүстік Корея елшілігі қазақстандық дәрігерлерге гуманитарлық көмек көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі отандық медицина мамандарына гуманитарлық көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдымен айтулы іс-шараға уақыт бөліп келгендеріңіз үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Бүгінгі гуманитарлық көмек «Қайырымды істер марафоны» аясында коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина мамандарына арналады. Дәрігерлердің COVID-19 індетімен күрестегі еңбегі зор және біз ұсынған көмек өз жәрдемін тигізеді деп ойлаймыз. Вируспен күрес мақсатында Корея Республикасы Қазақстан Республикасымен жан-жақты ынтымақтастықта, бірлесіп жұмыс істейді. Соның дәлелі өткен жылы Корей Республикасы Қазақстан және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болып, бірлесіп, үшжақты келісім аясында біздің ел Қазақстанға 800 мың доллар көлемінде қаржы бөлді. Одан бөлек, балалар мен қарттар үйі, осал топқа жататын жандарға және білім беру мекемелеріне гуманитарлық көмек жолданды», - деді Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг-сок.

Сондай-ақ, елші мырза екі ел арасындағы достық ынтымақтастық одан әрі өз жалғасын табатынын алға тартты.

«Бүгін Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі еліміздің 4 аймағындағы 8 медициналық мекемеге гуманитарлық көмек көрсетіп отыр. Оның қатарында Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда, Қостанай және Павлодар облысы бар. Гуманитарлық көмек медицина қызметкерлеріне арналған. Атап айтқанда, қорғаныш костюмі (комбинезон), антисептик, медициналық қолғап және тағы басқа вирустан қорғайтын құралдар бар», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы Вера Ким.

Оның айтуынша, Оңтүстік Корея Республикасы тарапынан гуманитарлық көмек бұған дейін де жүзеге асырылды және алдағы уақытта та одан әрі жалғасын табатын болады.


Соңғы жаңалықтар