Оңтүстік Қазақстанның балабақшаларында лифт орнатуды «жоспарлаған» - Есеп комитеті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі Серік Нөгербековтің айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражатының тиімділігін тексеру кезінде сан алуан заң бұзушылықтар анықталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Білім беру мекемелерінің нысандарын сапасыз жобалау фактілері анықталды. Мәселен, Түркістан қаласы мен Төле би ауданындағы екі қабатты балабақшалардың жобалау-сметалық құжаттарына жолаушылар лифтеріне дейін кіргізіп қойған. Алайда құрылыс нормаларына сәйкес, ондай нысандарда лифттерді орнатпайды", - деді С.Нөгербеков Есеп комитетінің бүгінгі отырысында.

Бұдан бөлек, "Ақбұлақ" бағдарламасы аясында анықталған заң бұзушылықтар әлі күнге дейін қайталанып келеді. "Мәселен, 2014 жылы "Ақбұлақ" бағдарламасының тиімділігін тексеру барысында комитет мүшелері туп-тура бүгінгідей 18,4 млрд. теңгенің заң бұзушылықтарын анықтаған еді", - деп атап көрсетті С.Нөгербеков. Осыны естіген комитет төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин шыдай алмай: "Ол қалай? Екі жыл бұрын ескерту жасадық. Барлық кемшіліктер жойылады деп уәде берілді. Алайда нәтиже жоқ", - деп облыс әкімінің орынбасарына шүйлікті. Әкімнің орынбасары Ербол Садыр болса, кешіріп сұрап, аталған кемшіліктер үшін жүздеген адамның жазаланғанын жеткізді. "Қозы-Көрпеш Есімұлы, 2014 жылы біз 767 адамға тәртіптік жаза қолдансақ, 2015 жылы 384 адам жазасын алды", - деді ол.

Алайда комитет төрағасы ондай жауапқа қанағаттанған жоқ. "Енді, жарайды, оларды тәртіптік жазаға тартқан шығарсыңдар, сөгіс жарияладыңыздар. Бірақ нәтиже жоқ қой. Аяғында сол жағдайға тағы да тіреліп отырмыз", - деді Қозы-Көрпеш Жаңбыршин. "Біз семинарлар өткізіп, олардың білімін көтеру мәселесін де қозғап жатырмыз. Мысалы, 1 500-ден артық буxгалтер болса, соның қазіргі кезде жоспарын құрып, оларды оқыту мәселесін жүргізіп жатырмыз", - деп Е.Садыр тағы ақталуға тырысты. Дегенмен, ол да болмады. "Енді, екі жыл өтті. Сендер семинарды өткізбеңдер, ештеңе істемеңдер. Бірақ мынау заң бұзушылықтар қайталанбасын. Сендердің өткізген семинарларыңның пайдасы жоқ. Қыруар жұмыс жасап жатырмыз деп, көзбояушылық жасаудың қажеті шамалы. Қалай? Өзіңізге осылай мінберге шығып, кемшіліктер үшін жауап берген ұнай ма?", - деп сұрады комитет басшысы. "Ұнамайды. Алдағы уақытта түзейміз, Қозы-Көрпеш Есімұлы", - деді Е.Садыр.

Айта кетейік, отырыс кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Есеп комитетінің мүшелерін алдай алмады.  Бұдан бөлек, отырыста "Агробизнес - 2020" бағдарламасына жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесі де жарияланды. Бағдарлама аясында қыруар қаржы тиімсіз жұмсалды. Миллиардтаған ақшаға салынған құрылыс нысандары әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қымбат қондырғыларды не үшін сатып алғанын түсіндіре алмады. 

Соңғы жаңалықтар