Оңтүстік Қазақстанның 700 мың тұрғыны спортпен тұрақты шұғылданады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 700 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. 

Бұл туралы бүгін ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі

 Басқарма басшысының сөзінше, бұқаралық спортты дамыту мақсатында өңірде өткен жылы 4849 спорттық іс-шара өткізіліп, оған  550 мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде ауылдық жерлерде ұйымдастырылған 3151 спорттық шарада 362 975 азамат бақтарын сынады.

Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 708 884 адамды құрап, облыстағы барлық жастағы халықтың қамтылуы  24,7 пайызға  жетті. Ауа райы қолайлы, қысы жылы болатын өңірде спортпен шұғылданамын деген азаматтарға бүгінде барлық жағдай жасалуда.

«Мәселен, 2016 жылы қала, аудандардағы елді мекендерде демеушілер есебінен 52 спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, елді мекендерде жергілікті бюджет, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында және «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы бағдарламасы аясында облыс көлемінде жалпы 116 спорт алаңы салынды. Шардара ауданы мен Түркістан қаласында спорт кешендері ашылды. Ал, Шымкент қаласында барлық санаттағы азаматтарға дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін «Жеңіс», «Тәуелсіздік» саябақтары, «Нұрсәт» шағынауданы мен «Наурыз» алаңында «Street Workout» спорттық қозғалысына арналған арнайы алаңшалар стандартқа сай салынып, халық игілігіне берілді.

 

Соңғы жаңалықтар