Оңтүстік Қазақстандағы асуларда жолаушылар құтқарылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы асуларда жолаушылар құтқарылды. Соңғы үш күнде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел асуынан 28 адамды қар құрсауынан алып шықты, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Зарипа Тұрысбекованың сөзінше, асудағы құтқарылған жолаушылардың арасында бір айлық сәби де болған. Облыс тұрғындарының тиісті ескертулерге немқұрайлы қарауы осындай жағдайларға тап болдыруда екен.

«Құтқару шараларына төтенше жағдайлар қызметінен бөлек жолға жауапты мамандар да жұмылдырылды. Осы мекеменің арнайы үш техникасы жолда тұрып қалған алты көлікті алып шықты. 22 жолаушы қауіпсіз жерге жеткізіліп, алғашы көмектер берілді»,-дейді З. Тұрысбекова. 

Өңірдегі жол жүруге қауіпті аумақтардың қатарында сондай-ақ  Созақ ауданындағы Одаман бұлақ пен Таскөмірсай асулары да бар. Күні бүгін бұл асулардағы жол жабылған. Ал, Түлкібас ауданындағы Шақпақ баба асуында жыл сайын жүздеген жолаушы мен көліктер тұрып қалады. Жыл басынан бері өңірдің құтқарушылары қар құрсауынан шыға алмай қалған 60 тан аса адамға қолұшын созды. 

Соңғы жаңалықтар