Оңтүстік Қазақстанда қар құрсауынан бір түнде 83 адам құтқарылды

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында бір түнде қар құрсауында қалған 83 адам құтқарылды. 

Оның ішінде үшеуі - балалар. Құтқарушылар сондай-ақ жолда тұрып қалған 29 көлікті шығарып алды, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің апаттық-құтқару жұмыстары  Одаманбұлақ асуында «Ұланбел-Созақ-Екпінді» облыстық маңызы бар автожолында (577-623 км) жүргізілді.  Ауа райының қолайсыздығы жөнінде ескертілгенімен, көлік жүргізушілері құлақ аспаған. Салдарынан қар қалың жауған аумақта көліктер тұралап қалған.  «Оңтүстік жолдары» жол тазалаушы мекемесінің 11 техникасы мен 20 маманы жолдарды тазарту және құм себу жұмыстарын атқарды. 
nullnull  

«Құтқарушылар жолда қалған жолаушыларды  Одаманбұлақ асуындағы жылыту бекетіне жеткізді.  Жолдар қардан тазартылғаннан кейін  жолаушылар Шаян ауылына қайтарылды. Ал, қозғалысқа жарамсыз 6 техника жылыту бекетінде қалды», - деді ОҚО ТЖД бас маманы Зарипа Тұрысбекова.

Сондай-ақ Зарипа Тұрысбекованың айтуынша, құтқарушылар бүгін түнгі сағат 02.20-да Бәйдібек ауданы, Майбұлақ ауылынан аудандық ауруханаға «соқырішек» диагнозымен ер азаматты және жүкті әйелді жеткізді.  Себебі, жедел-жәрдем көлігі қар қалың жауған аумақтан жүріп өте алмаған.
null  

Айта кетейік, Бәйдібек ауданынан 9-15 ақпан аралығында қар құрсауынан жалпы 120 адам құтқарылып, 41 техника шығарылды.  

Соңғы жаңалықтар