Оңтүстік Қазақстанда дін мен дәстүрді арқау еткен алқалы жиын өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру: Дін мен дәстүр үйлесімі және ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында алқалы  жиын өтті. Облыс әкімі қатысқан шараға қала басшылары мен облыстық мәслихат депуттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, сондай-ақ саяси партиялардың жетекшілері мен дін қызметкерлері, БАҚ өкілдері шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда дін мен дәстүр тақырыбында ашық пікір алмасу болып, ұсыныстар айтылды. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев іс-шараға жиналған көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, тақырып аясында ойын ортаға салды.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыруды - «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп атап көрсетті.  Дін  де, дәстүр де, қоғам да тыныштық пен татулықтың,  бірлік, ынтымақ пен сыйластықтың салтанат құруына қызмет етеді. Қазақы санадағы «ұят», «обал», «сауап», «құт», «кие», «аманат», «ынсап» секілді іргелі ұғымдар ұлттық тәрбиемізде алтын тіндей үзілмей, ғасырлар бойында жалғасып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары асыл дінді ұлттық дәстүрмен үйлестіре ұстанудың маңызы арта түсуде», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, келелі кездесуде өңір басшысы қазіргі таңда дін мен дәстүр сабақтастығы артып, той-томалақ пен діни рәсімдерде ысырапқа жол бермеуге көңіл бөлініп жатқандығын жеткізді.

«Мешіттер белгіленген тәртіппен салынып, жаназа рәсіміндегі жөнсіз әрекеттер де бір ізге келтірілуде. Жер-жерлерде «Ақылдастар алқасы» құрылып,  беделді азаматтардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырылуда. Бүгінде оң істі қолдаушылар көбейіп жатыр. Мұның бәрі ілгерілеудің, қоғамда дұрыс діни сана қалыптаса бастағандығының көріністері», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі жастарға соқыр сенімге салынып сыңаржақ кетіп қалмай, ғылым мен өнерге, мәдениет пен өркениетке қарай ұмтылатын кезең екендігін қадап айтты.

Жиын барысында сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкіл имамы мен бірқатар  азаматтар тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды.

null

Соңғы жаңалықтар