Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы Түркияның Ізмір және Ыстамбұл қалаларында болды

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және бауырластық байланыстарды тереңдету мақсатымен Түркиядағы ҚР Елшілігінің қолдауымен Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депуттаттары мен іскер адамдары Ізмір және Ыстамбұл қалаларына сапарларын жүзеге асырды.

Аталған қалаларға сапар бағдарламасына көптеген шаралар кіріп, Ізмір қаласы сауда-өндіріс палатасының, қаланы дамыту бойынша Агенттіктің басшылығымен кездесулер ұйымдастырылды, Эгей аумағы Еркін экономикалық аймақ қызметімен және әрбіріне 500-600-ден астам фабрикалар мен зауыттар кіретін оннан астам аумақты біріктіретін индустриалды аймақпен танысу өткізілді. Сонымен бірге, делегация «Гедиз» университетінде болып, қазақ-түрік іскерлік кеңесі жетекшілерімен кездесулер өткізді.

Ізмір - халық саны бойынша Түркияның үшінші (4 млн. адам), порт үлкендігі бойынша Ыстамбұлдан кейінгі екінші қаласы. 2004 жылдан бері Ізмір мен Шымкент бауырлас қалалар болып табылады. Жерорта теңізі аймағының көне шаһарларының бірі болып табылатын Ізмірдің тарихы бай. Қазіргі кезде қала Түркия Республикасының өндірістік және мәдени орталықтарының бірі болып саналады. Провинцияның жалпы экспорт көлемі 9 млрд. АҚШ долларын құрайды, ал, Түркияның ЖІӨ-індегі Ізмірдің үлес салмағы 4 пайыздан астам.

Ізмірде мәслихат депутаттары мен Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев қала мэрі А.Коджаоглымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы аймақаралық ынтымақтастық мәселелері Шымкент пен Ізмір қалаларының бауырластық байланыстары үдесінен талқыланып, екі елдің аймақтары арасындағы әріптестікті тереңдете түсу қажеттілігі атап өтілді.

Ізмір қаласының мэрі Азиз Коджаоглы Астанада ЕХРО-2017 көрмесі өтетіндігіне тоқталып, Қазақстан басшылығы мен халқын осы жеңісімен құттықтады. Сонымен бірге, ол Измирдің де ЕХРО - 2020 халықаралық көрмесін өзінде ұйымдастыру үшін кандидат қала болып табылатындығы туралы хабардар етті.

ОҚО делегациясының сапары нәтижесінде жергілікті компаниялар мен индустриалды және еркін аймақ басшыларының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар